Агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық орталығы құрылады

ATPress.kz. 28 шілде. Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық орталығы құрылады. Ол «Азық-түлік келісім шарт» АҚ ұлттық компаниясының меншікті қаражаты негізінде жүзеге асады деп жоспарлануда.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева айтты. Орталық сыртқы нарықтарға талдау жүргізіп, дамыған елдер үшін жол картасын құру, өнімдерді экспорттау саласында кеңестер беріп, келісім-шарттарға отыру және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен өнімді форвардтық сатып алу жұмыстарымен айналысатын болады. 

Қазіргі уақытта Қытай, Иран, БАӘ, Израиль, Сауд Арабиясы және т.б. елдерге экспортталатын тауарлардың көлемін арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын фитосанитарлық және ветеринарлық талаптарды келісу, тасымалдану бажын төмендету жөнінде келіссөздер жүргізіледі. 

Бұл жұмыстардың барлығы «Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасының негізінде іске асып жатқанын айту керек. Нәтижесінде, отандық тауар өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде.

 

Айдос Қарабала