ATPress.kz. 16 қаңтар. Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласында XI Дүниежүзілік «Болашақтың энергиясы» саммиті өтуде. Ауқымды шараға 20 елдің павильоны мен дүниежүзілік 650 компаниялардың экспонаты ұсынылды.
Саммит жұмысына ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ербол Шорманов қатысуда.
Көрмеде «Астана ЕХРО-2017» компаниясы ұйымдастырған жалпы аумағы 195 шаршы метрді құрайтын Қазақстан павильоны да бар.
«Павильонда елімізде іске асырылып жатқан, соның ішінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, сондай-ақ жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы жобалар мен көлік-логистикалық инфрақұрылым саласындағы бірқатар ауқымды жобалар қойылған», - делінген «Астана ЕХРО-2017» компаниясының қоғаммен байланыс департаменті таратқан мәліметте.
Бек Әзберген