Қара Арна ауылдық округінде Жем өзені мен Құрсай каналында ауқымды түп тереңдету жұмыстары бойынша жоба аясында жалпы ұзындығы 95 шақырым болатын түп тереңдету жұмыстары жоспарланған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудан әкімдігінен білгеніміздей, Құрсай каналы – 46,1 шақырым, Жем өзені – 48,9 шақырым, бөгет құрылысы – 61 шақырым. Қазіргі уақытта Жем өзенінің 4 шақырымы және Құрсай каналының 31 шақырымы, жалпы 35 шақырым тереңдету жұмыстары аяқталған. Тереңдету және бөгет салу жұмыстарына 107 арнайы техника жұмылдырылды.
Келесі мәселе, Құлсары қаласында топан судан зардап шеккен үйлерден шыққан қоқысты тазарту жұмыстары жалғасуда. Атырау, Думан, Балуан Шолақ ықшам аудандары, А.Қастеев, Нұрлы жол, Ғалымжан Қожағұлов 204 және 205 көшелер толықтай тазаланды. Қазіргі уақытта Е.Тауманов көшесі мен 203 көше тазалануда. Бұл жұмыстарға 10 самосвал, 2 жүк тиегіш, 2 экскаватор жүк тиегіш, 8 жұмысшы топ жұмылдырылды.
Айта кетейік, Құлсары қаласын қоқстан тазарту үшін “Теңізшевройл” компаниясы арнайы техникалар бөлінген еді. Жалпы шығарылған қоқыстың көлемі 2723 м3 құрайды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ