Атырауда «Ректор кубогы» спартакиадасы қорытындыланды 

Х.Досмұхамедов  атындағы  Атырау университетінің  85 жылдығына орай ұйымдастырылған дәстүрлі 75-ші спартакиада өз мәресіне жетті. 10 күнге созылған додаға алты факультеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Спартакиада спорттың 9 түрі бойынша өтті. Олар: баскетбол, үстел теннисі, фиджитал спорт Fifa 25, шахмат, асық ату, арқан тарту, волейбол, футзал және көңілді старт. Қатысушылардың арасында жас мамандармен қоса 80-ді алқымдаған профессорлар да бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Факультетаралық сайыс нәтижесінде жалпы есеппен «Физика математика және ақпараттық технологиялар» факультеті алға шығып, ректор кубогын жеңіп алды.  Ал ІІ орынды «Гуманитарлық ғылымдар және өнер» , ІІІ орынды «Инновациялық білім беру» факультеті иеленді. 

-    Бұл спартакиадаға «Физика математика және ақпараттық технологиялар»  факультеті жыл сайын қатысады. Биылғы дода тіпті ерекше болды. Жалпы есеппен алға шығып, бірінші орынды еншіледік. Биыл факультетімізге жас мамандар келіп, ойындарға белсене қатысты. Бұл да біздің жеңіске жетуімізге үлкен көмегін тигізді деп айта аламыз. Спартакиада арқылы салауатты өмір салтын ұстанумен қатар достық қарым-қатынасымызды нығайттық ,- деді техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов.

Сондай-ақ әр спорт түрі бойынша үздік ойыншылар мен үздік жанкүйерлер марапатталды.

Сәуле МАҒАУ