Қазіргі заманда жоғары білікті жұмысшы мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие. С.Мұқашев таындағы Атырау жоғары политехникалық колледжі – бұл жұмысшы мамандықтарының кең ауқымы бойынша мамандар даярлайтын оқу орны, түлектерін сәтті еңбекке орналасу үшін қажетті барлық білімдер мен дағдылармен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінгі таңда политехникалық колледжде 1700 студент білім алуда, оның 1300-і мемлекеттік грант бойынша оқиды және олардың саны жыл сайын артып келеді. 2024-2025 оқу жылында 450 бос орынға 2116 өтініш қабылданған, бұл колледжге деген жоғары сұранысты көрсетеді.
Үшінші курс студенті Тұрлан Ізғали «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша білім алып, «Caspian Radio Services» компаниясында практикадан өтуде. Ол өз кезегінде колледжге грант арқылы түскенінжәне оқу орнының өңірдегі жетекші компаниялармен байланысы мықты екенін атап өтті.
«Біздің колледж сұранысқа ие мамандықтарға бағытталған және жергілікті кәсіпорындармен берік байланыс орнатқан. Егер мен практикада өзімді жақсы көрсетсем, жұмыс беруші мені дуальды оқыту жүйесі бойынша жұмысқа қабылдауы мүмкін. Осы жағдайда мен тек шәкіртақы ғана емес, айлық та алатын боламын, ал колледжді бітіргеннен кейін осы компанияда жұмысқа тұрамын» дейді Тұрлан.

Негізгі мамандығынан бөлек, студенттер мұнда қосымша курстар да оқи алады. Мысалы, Тұрлан 3D-моделдеуді меңгеріп, тәжірибеден өтетін жақсы орын тауып отыр. Оның пікірінше, электрик мамандығы әрқашан сұранысқа ие. Әсіресе, өнеркәсіптік жабдықтарды жақсы білетін және ірі компанияларда жұмыс істейтін мамандар жоғары жалақы алады.
Биылғы жылы түлектер арасында ең үлкен конкурс келесі мамандықтар бойынша байқалды: IT бағыты, энергетика, төтенше жағдайлардан қорғаныс, мұнай мен газды қайта өңдеу технологиялары және басқа да мамандықтар.

Ғасырға жуық тарихы бар
Колледждің 95 жылдан астам тарихы бар және 22 сұранысқа ие мамандық бойынша мамандар даярлайды. «Жас маман» жобасы аясында IT, энергетика, токарлық жұмыстар сияқты бағыттар бойынша құзыреттілік орталықтары құрылып, "Индустрия 4.0" үшін маман даярлау бағытында жұмыс жүріп жатыр.
Студенттер заманауи IT-шешімдерді меңгере алады, оның ішінде графикалық дизайн, 2D/3D модельдеу және CAM-жүйелерінде бағдарламалау, сондай-ақ графикалық дизайннан бастап CAD-инженеріне дейінгі кең ауқымды IT-дағдыларын игеруге мүмкіндік алады. Бұл дағдылар цифрландырылған өнеркәсіпте сұранысқа ие және колледжде мамандарды даярлау еңбекке орналасу мәселелерін шешуге көмектеседі. Колледж түлектерінің еңбекке орналасу көрсеткіші 90%-ды құрайды.
Қазіргі таңда колледж Атырау облысындағы 128 беделді кәсіпорынмен тығыз әріптестік байланыс орнатқан, олардың арасында: «Ембімұнайгаз» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС, «ЖігермұнайСервис» ЖШС, «ҚазМұнайГазБурение» ЖШС, «Сазанқұрақ» ЖШС, «ИНТРА» ЖШС, «АЖЭО» АҚ, «Атырау Жарық» АҚ және басқа да компаниялар бар. Дуальды оқытуды жақсарту мақсатында 2024-2025 оқу жылында 154 студент кәсіпорындарда ақы төленетін практикаға жіберілді.
Колледждің ақпараттық технологиялар бойынша директор орынбасары Нұрлы Нұржанның айтуынша, колледждің көптеген әлеуметтік серіктестері студенттерді оқыту мен еңбекке орналастыруда көмектеседі.
Мысалы, «Kazenergy» компаниясы әр жыл сайын грант бөледі. Кейбір әлеуметтік серіктестер студенттерге оқу ақысын төлейді. Мысалы, студент ақылы негізде оқып, «жақсы» және «өте жақсы» бағаларымен оқыса, компания оның оқу ақысын төлеуі мүмкін, бұл әсіресе аз қамтылған отбасылардың балаларына қатысты. Сонымен қатар, грант бойынша бюджеттен босатылған орындар болса, басқа студенттер сол орынға ауысу үшін өтініш бере алады.

Шығармашылық шыңдалуға мүмкіндік мол
Колледжде студенттердің шығармашылық дамуы үшін Fablab шығармашылық кабинеті құрылды, онда студенттер машина жасау бөлшектерін модельдеу мен жобалауды меңгереді. Студенттердің қолында 3D-принтерлер бар – олар пластикалық бұйымдарды басып шығару үшін пайдаланылады: лазерлік станоктар – мектеп оқушылары үшін брелоктар мен логотиптер жасауға көмектеседі; сублимациялық принтерлер – шыныаяқтарға сурет салуға және сыйлық қораптарын жасауға мүмкіндік береді (Мысалы, «Атырау балық» өнімдеріне арнап). Студенттер тек шығармашылық идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, жасалған бұйымдарды сату арқылы шағын бизнес те аша алады.

Мәселен, Ерасыл Бақытжан – осы оқу орнын «Электроснабжение» мамандығы бойынша аяқтаған түлек. Ол колледжде 3D-моделдеу пәнінен сабақ беріп келеді. Бұл мамандықты ол оқу кезінде меңгерген.
Ерасыл жұмысшы мамандар сайысқа түсетін WorldSkills қозғалысына белсене қатысып келеді. Ол Франция мен Польшада өткен байқауларға да қатысқан. Сондай-ақ, Ерасыл республикалық сарапшы болып табылады және мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру мәселесіне үлкен көңіл бөледі. Осы мақсатта колледжде хакатондар мен стартап-конкурстар, ойындар өткізіледі. Әсіресе, өткен жылы 11-15 жас аралығындағы балалар үшін жазғы IT-лагерінің жобасы сәтті өтті деуге болады. Жас педагог осындай бастамалардың жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастарға еңбек нарығынан өз орнын табуға көмектесетіндігіне сенімді.
Нұрлы Нұржанның айтуынша, колледжде жұмысшы мамандықтары бойынша білім алудың көптеген артықшылықтары бар.
- Бұл – тегін оқу, өндірістік практика және шәкіртақы. Өткен жылдың қыркүйек айында шәкіртақы көлемі өсті, қазір студенттер 41 892 теңге алады. Ал, үздік студенттерге шәкіртақыға 15 пайыздық қосымша ақы төленеді.Сондай-ақ, биыл қыркүйекте шәкіртақы тағы да өседі деп жоспарлануда. Біз студенттерімізге түрлі мамандықтар бойынша қысқамерзімді курстардан өту мүмкіндігін ұсынамыз. Мысалы, егер электриктер IT дағдыларын немесе мұнайшылар электрмонтаждық жұмыстарды меңгергісі келсе, мархабат! - дейді ол.

"Жаңа өндіріске жұмысшы даярлаймыз"
Түлектер полимерлік өндіріс, машиналарды пайдалану және химиялық технология салаларындағы мамандықтарға үлкен қызығушылық танытуда. Бұл таңқаларлық емес, өйткені студенттер өңірдегі заманауи зауыттарда практикадан өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Колледж ірі кәсіпорындармен белсенді ынтымақтастық орнатып, қажетті мамандарды даярлау жөнінде келісіщшарт жасайды. Мысалы, Caspian Radio Services компаниясы, дрондармен жұмыс істеп, KPI және ТШО сияқты зауыттармен әріптестік орнатқан. Енді ол моделдеу, дрондарды басқару және деректерді өңдеу мамандарын сұрайды. Өткен жылы компания төрт студентті жұмысқа қабылдаса, биыл тағы екі студентті қабылдады.
Колледждің әлеуметтік серіктестерінің арасында слесарь-механиктерге сұраныс артуда. Мысалы, бутадиен және одан өнім жасайтын зауыт 25 слесарь-механик, 25 технологиялық қондырғы операторы және 25 техник-технолог дайындауды сұрайды. Студенттер үшінші курсқа аяқ басқан кезде зауытта практикадан өтеді, ал зауыт іске қосылған соң сол жерде жұмысқа орналаса алады.
Өткен жылы осы зауыт үшін «Полимерлік өндіріс» мамандығы ашылып, 25 студенттен тұратын топ құрылды. Кәсіпорынмен бірлесіп оқу бағдарламасы әзірленіп, 2027 жылға қарай түлектер жұмысқа кірісуге дайын болады.
— Біз оқытушыларымыздың біліктілігін Ресейдің «Тольяттикаучук» компаниясында арттыруды жоспарлап отырмыз, бұл компания бутадиенді каучук өндірісімен айналысады. Бұл бізге студенттерді өңірімізде салынып жатқан осындай зауытта жұмыс істеуге дайын болатындай етіп оқытуға мүмкіндік береді, — дейді Нұрлы Нұржан.
Тағы бір жаңа зауыт — «Интаго Қазақстан». Қалдықсыз технологиямен пластик өңдейтін компания слесарьлар мен операторлар дайындауды сұрап отыр. Колледж бен жұмыс берушілер арасында тұрақты байланыс орнатылған: кәсіпорындар мамандарға сұраныс береді, ал колледж оқу бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттіліктеріне қарай дереу бейімдеп отырады.

Бұдан бөлек...
Биыл колледжде инклюзивті топ ашылды, онда ерекше қажеттіліктері бар тоғыз студент білім алуда. Олар бағдарламалық қамтуды оқып, жоғары шәкіртақы алады. Оқытушылар осындай студенттермен жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өтті.
Бұдан бөлек, биыл колледж аумағында электрмонтаждық және токарлық жұмыстарға арналған шеберханалар мен стартап-хабы бар үш қабатты құзыреттілік орталығын салу жоспарлануда. Мұнда студенттер IT-жобаларын, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған технологияларды әзірлейтін болады. Жасөспірімдер арасында IT-мамандықтарына, мысалы, бағдарламашы-техниктер, бағдарламалық қамту әзірлеушілеріне үлкен қызығушылық бар, сондықтан мұнда мектеп оқушылары үшін IT-орталық ашылады, онда олар модельдеу және робототехника бағдарламаларын үйренеді. Орталық биылғы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында іске қосылады.
Осылайша, Атырау жоғары политехникалық колледжі заманауи технологияларды енгізіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлап, олардың жан-жақты дамуына жол ашуда.
Амандық Сағынтайұлы
Тегтер: