Атырауда кәсіпорындарды дамытуға 187 млрд теңге инвестиция тартылды

Жыл басынан бері облыстағы кәсіпорындарды дамытуға 187 млрд тг инвестиция тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында “Самұрық – Қазына Контракт” ЖШС өкілдері қатысқан “Атырау облысының кәсіпкерлігін дамыту” конференциясы өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, іс-шарада отандық өндірушілерді қолдау, сатып алу жүйесі, импортты алмастыру бағдарламасы және электрондық сатып алу туралы ақпарат берілді.

- Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер айтарлықтай жоғарылап, өңірдің экономикасына 10,5 трлн теңгеден астам қаржы салынды. Бұл республика бойынша үздік нәтиже саналады,- деді Атырау облысы әкімнің орынбасары Марат Мурзиев.

Конференция өңір кәсіпкерлеріне ұлттық холдингтің сатып алу жүйесіне қатысу мүмкіндіктерін түсінуге, жаңа бизнес байланыстар орнатуға және өндірістерін дамытуға жол ашады. Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қаржыландыру бағдарламаларының нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылуда. 2025 жылы бизнесті қаржылай қолдауға 11,4 млрд теңге бөлінді.

- Өнеркәсіпті дамыту қоры «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы саналады және бизнеске қолдау көрсетеді. Қор бірнеше қолдау бағдарламасын ұсынады, оның ішінде инфрақұрылымдық жобалар мен өңдеуші өнеркәсіпке 12,6% сыйақы мөлшерлемесімен қаржылай қолдау көрсетіледі,- деді «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Марат Жарылқасынов.

Өңірде шетелдік және отандық кәсіпорындардың саны артып келеді, ал 2025 жылдың алғашқы екі айында 187 млрд теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар өнеркәсіп секторында өсім байқалып, жаңа инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Айта өтейік, итальяндық серіктестермен Атыраудағы жүк вагондарын құрастыратын зауытқа жабдық жеткізу жөніндегі үшжақты келісім-шартқа қол қойылды.

Сәуле МАҒАУ