Атырау облысының антикор еріктілері 2024 жылы жүргізілген жөндеудің сапасын бағалау және асханада санитарлық нормалардың сақталуын тексеру мақсатында қаладағы перинаталдық орталықты тексерістен өткізді. Мониторинг барысында құрал-жабдықтың жағдайы мен персоналды ақпараттандыруға қатысты кемшіліктер анықталды, сондай-ақ оларды жою жөнінде ұсыныстар берілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атап айтқанда, ыдыс жууға арналған раковиналарда эмальдың зақымданғаны анықталды, бұл науқастар мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін.
Сонымен қатар, кейбір бөлмелерде гигиена ережелері мен санитарлық нормаларды бұзу жағдайында әрекет ету тәртібі туралы ақпараттық тақталар жоқ екені белгілі болды. Заң мен тәртіпті сақтау азаматтардың өмірі мен қызметіне қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады. Перинаталдық орталық тұрғысынан бұл барлық бөлмелер санитарлық нормаларға сәйкес болуы және пациенттер мен персонал үшін қауіпсіз болуы керек дегенді білдіреді.
Ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексеру барысында ескертулер анықталған жоқ. Қажетті жабдықтар сатып алынып, жұмыс жасап тұр.
Антикор еріктілерінің тексеріс нәтижелері бойынша перинаталды орталықтың басшылығына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар жолданды. Басшылық зақымданған раковиналарды ауыстыруға, қосымша ақпараттық тақталарды орнатуға және персоналды оқытуға уәде берді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: 2gis.kz