Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қаладағы спорт нысандарын аралау кезінде жаңа ескек есу базасының құрылысымен танысты.
Нөмірі 1-інші БЖСМ-нің балансындағы спорт нысаны 2005 жылы пайдалануға берілген, бүгінде ол толықтай қайта жаңғыртылуда. Бұрынғы бір қабатты эллинг орнына заманауи екі қабатты ғимарат бой көтермек. Жобада қайықтарды сақтайтын орын салу, ескек есу сабақтарына керекті заманауи арнайы тренажерлермен жабдықтау, душ кабиналары, киім ауыстыруға арналған бөлмелер мен қосалқы орындар қарастырылған.
Бұл спортшылардың ауа райына қарамастан жыл бойы жаттығуына мүмкіндік береді. Жоба мердігері — «Жалынды Құрылыс» ЖШС. Нысан 2026 жылғы сәуірде пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жоба іске асқан соң мектептің қылқайық пен каноэде ескек есумен шұғылданатын 65 спортшысы халықаралық деңгейдегі жарыстарға дайындалуға мүмкіндік беретін толыққанды базада жаттықпақ.
