Атыраулық тұрғын бір ажалдан аман қалды

Атыраулық құтқарушылар өрттен ер адамды құтқарды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық ТЖД Имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы мәлім етті. 17 наурыз сағат 08:57-де Атырау қаласы, Азаттық даңғылында тұрғын үйге бейімделген дүңгіршектен шақырту түсті. Аталған мекенжайға құтқарушылар дереу жетіп, аумағы 30 шаршы метр болатын дүңгіршекте тұрмыстық заттар мен жиһаздардың жануын анықтады.

ТЖД қызметкерлерінің көмегімен контейнерден 1958 жылы туған азамат құтқарылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді және ауыр дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Зардап шегушінің туысқандарына психологиялық көмек көрсетілді. Өрт сағат 09:24-те толықтай өшірілді. Өрттің себебі анықталуда. Шақыртуға 9 құтқарушы, 3 техника жұмылдырылды.

Амандық АБДОЛ