Наурызнама: Атырауда ұлттық қолөнер ұлықталды

Кеше «Шаңырақ күні» аясында Атырауда ұлттық қолөнер ұлықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Наурыз мерекесі аясында «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Атырау облыстық филиалы және «Алтын шаңырақ» Аналар кеңесі бірлесіп ұйымдастырған «Шаңырақ күні» мәдени-танымдық іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Басты мақсат – отбасы құндылықтарын насихаттау, ұлттық өнер мен қолөнерді жаңғырту, сондай-ақ жас ұрпаққа өнеге көрсету.

Іс-шара барысында өнері мен ісмерлігімен танылған Қуанышқалиевтер әулетінің шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылды. Бұл отбасы көпшілікке өздерінің қолөнер бұйымдарын ұсынып, ұлттық аспаптарда ойнап, ән шырқады.

- 1993 жылы қоқыста жатқан бесікті көріп, «неге өзім осындай бұйымдарды жасамаймын» деген ой келді. Осылайша, үш күн ішінде бесікті ойып, қашап жасап, оны бесік тойға апардым. Сол жерде күтпеген жерден тапсырыстар қабылдай бастадым. Осылайша, бесікпен қатар сандық, үстел сынды ағаш бұйымдарын жасап, кәсібімді кеңейттім. Бүгінде қарапайым нан тақтайынан бастап, он облысқа түрлі ағаш өнімдерін таратамыз. Алдағы уақытта ағаш үй жасауды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл сала Қазақстанда әлі кеңінен дамымағандықтан Қырғызстан мен Моңғолияның тәжірибесіне сүйене отырып, үлкен киіз үйлерді Атыраудан шығаруды мақсат етудеміз, - дейді ағаш шебері Бөлекбай Қуанышқалиев.

Мәдени шара аясында қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ағаш өңдеу, кестелеу, киіз басу сияқты ұлттық қолөнер түрлері таныстырылды. Шеберлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, әр бұйымның жасалу процесін көрсетіп, шеберлік сырларымен бөлісті. Сонымен қатар Қуанышқалиевтер әулетімен сұхбат жүргізіліп, өнердің ұрпақтан-ұрпаққа қалай жалғасатыны жөнінде әсерлі әңгіме өрбіді.

Сәуле МАҒАУ