Мемлекеттік қызметшілерге бәс тігуге болмайды

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы лудоманиямен күрес шаралары күшейтілді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Мемлекеттік қызметшілерді құмар ойындардан қорғау және лудоманияның алдын алу мақсатында Қазақстанда бірқатар заңнамалық өзгеріс енгізілді. Бұл шаралар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 8 шілдедегі Заң аясында жүзеге асуда. Ол жөнінде Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Заң басқармасының басшысы Ғибрат Мырзағали баспасөз брифингінде мәлім етті.

Заң 2024 жылдың 8 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметшілерге ойын мекемелерінде құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуға қатаң тыйым салынды. Бұл тыйымды бұзу тәртіптік жауапкершілікке, ал құмар ойынға қатысу қызметті босатуға әкеледі.

Басқарма басшысы Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында мемлекеттік қызметшілер арасында лудоманияның алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті.

- Құмар ойындарға тәуелділік – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына қауіп төндіретін маңызды мәселелердің бірі. Мемлекеттік қызметшілердің осы бағыттағы жауапкершілігін арттыру үшін біз кешенді алдын алу шараларын жүзеге асырып жатырмыз. Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметшілерден құмар ойындарға қатыспау туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауды талап етті. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, құмар ойындарға қатысты заңбұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз әрбір азаматты құмар ойындардан аулақ болуға, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз, – деді Ғ.Мырзағали.

Спикердің сөзінше, әр бейсенбі сайын департамент ғимаратында техникалық сабақтар өткізіліп, лудомания тақырыбы бойынша арнайы тренингтер ұйымдастырылуда. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ойын мекемелерін тексеру және мемлекеттік қызметшілердің заңбұзушылықтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Фото: ru.freepik.com