Өткен жылдың қорытындысына сәйкес қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына әртүрлі сипаттағы 70 мыңнан астам хабарлама түскен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Атырау қаласы аумағында жұрт көп шоғырланатын жердегі қауіпсіздікті сақтау үшін, жаяу полицияның және автопатрульдердің әрекеттерін үйлестіруге мүмкіндік беретін, сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 3 773 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бейнебақылау жүйесін тиімді пайдалану арқылы 2024 жылы 331 қылмыс ашылып, 25 558 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Қылмыстардың ішінде ұрлық, ұсақ ұрлық, бұзақылық деректері бар. Бұл камералар арқылы алкогольдік сусындарды пайдаланған күйде көлік тізгіндегендерді, сондай-ақ көшеде не қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендерді анықтауға болады.
Бұдан бөлек қала аумағындағы көпшілік жиі жиналатын 16 жерде полицияны шұғыл түрде шақыру үшін «SOS» дабыл батырмалары орнатылған.
- Бұл құрылғы қандайда бір келеңсіз жайт немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде көмектеседі. «SOS» батырмасын басу арқылы жедел басқару орталығы инспекторларымен аудио және бейнежазба арқылы дереу байланысуға болады,- деді қалалық полиция басқармасындағы «Жедел басқару орталығының» аға инспекторы Сайра Баймұхамбет.
Сәуле МАҒАУ
«Interceptor» жүйесі арқылы 2024 жылда төмендегідей деректер тіркелді:
- Мемлекет алдында әкімшілік айыппұлдарды өтелмеген борышкерлер саны — 4019;
- Арнайы тұраққа қойылған автокөліктер саны — 1451;
- Әкімшілік айыппұлдары өтелгендердің саны — 2568.
Ал «Сергек-Қорғау» жүйесі арқылы 2024 жылы мынадай деректер тіркелді:
- Жалпы көрсеткіш — 31 359;
- Айыппұл бойынша нұсқама алғандардың саны — 19813;
- Айып тұрағына қойылған көлік саны — 476.