Халықаралық білім – дамудың жаңа көкжиегі

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының табысты жұмыс істеуі – өңірдегі білім беру саласының жаңа белестерге көтерілгенінің жарқын дәлелі. Бұл қадам жастарға халықаралық деңгейде сұранысқа ие маман болуға ерекше мүмкіндік береді.

Қазір И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мен қытайлық «Jingshi» институтының филиалдары аясында студенттеріміз «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» сияқты бағыттар бойынша білім алуда. Бұл бағдарламалар халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленген, заманауи әдістер мен технологияларды қолдануға бағытталған.

Сонымен қатар студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламаларының нәтижесінде АҚШ, Польша, Әзербайжан секілді елдердің үздік университеттерінде білімдерін жетілдіруде. Бұл студенттерге тек теориялық білім алып қана қоймай, халықаралық тәжірибе жинақтап, әртүрлі мәдениетті түсінуге мүмкіндік береді. Бұл оларға еңбек нарығында жоғары бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге және елдің дамуында маңызды рөл атқаруға көмектеседі.

Біз үшін қос диплом бағдарламалары мен шетелдік серіктестермен бірлескен мамандандырылған курстардың маңызы зор. Бұл жобалар студенттерге түрлі елден келген үздік студенттермен тәжірибе алмасып, білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ жаһандық қауымдастықтың бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды қолдау шараларын арттыруы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Биыл студенттерге арналған жатақханалардың құрылысы қарқын алып, 11 мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілді. Бұл – студенттердің білім алуға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін студенттер стипендиясының 2 есе, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиясының 1,75 есе өсуі – білім алушыларға көрсетілген айрықша қамқорлықтың дәлелі.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек» жобасын ерекше атап өткім келеді. Бұл жоба әрбір баланың сапалы білім алуына, қаржылық тұрақтылығын жоспарлауға жағдай жасап, олардың болашақтағы мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осындай маңызды бастамалар жастардың болашағына сенім ұялатып, олардың өз армандарын жүзеге асыруына үлкен серпін береді.

Біздің университетіміз бұл бастамаларды қолдап, студенттердің білім сапасын арттыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барлық күш-жігерін салуға дайын. Білім – жарқын болашақтың кепілі. Әрбір жастың өз әлеуетін толықтай жүзеге асыруына жағдай жасау – біздің ортақ міндетіміз.

Еламан АБЕЖАНОВ,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры