Атырауда тұрғын үй кезегі қысқаруда

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы Қазақстанда 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл ел тәуелсіздігінің барлық жылдарындағы тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш. Ал, Атырауға келсек, облыстық құрылыс басқармасының деректері бойынша 2024 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 750,0 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысы бойынша 751, 334 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды "AtyrauPress".

Сонымен қатар, өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 189 пәтер сатып алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жылыой ауданының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен Болашақ шағын ауданының тұрғындары үшін 100 тұрғын үй салынды, 2024 жылдың қыркүйегінде осы үйлердің құрылысы аяқталды, олар пайдалануға берілді, тұрғындарға кілт табысталды. Сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы шеңберінде NCOC компаниясы арқылы Махамбет, Исатай, Қызылқоға, Құрманғазы және Мақат аудандарының орталықтарында 60 пәтерлі үш қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жоғарыда аталған үйлер бойынша құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Тұрғын үй құрылысының жалпы жоспарланған көлеміне келетін болсақ, бұл деректер қазір аймақ бойынша нақтылануда. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының ақпараты бойынша, өткен жылы мемлекет беретін тұрғын үйге мұқтаж азаматтар саны 30 359-ды құрады.

Облыс бойынша 2024 жылы облыстық коммуналдық тұрғын үй қорынан барлығы 560 пәтер кілті тапсырылды. Өңір бойынша тұрғын үй кезегіне қайта тексеру жүргізілді. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 28750 азамат тіркелген. Егер жіктейтін болсақ, олар: жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 95, көп балалы аналарға -165, хәлеуметтік осал топтарға 237, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне 15, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға - 48 пәтер. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 2025 жылға арналған тұрғын үймен қамту жоспары 634 пәтерді құрайды, оның ішінде Атырау қаласы бойынша 97 пәтер, аудандарда 537 пәтер жоспарланған.

Сонымен қатар, апатты көпқабатты тұрғын үйлер өңірдегі өзекті мәселеге айналды. Апатты үйлердің саны 217-ні құрайды, оның 93Атырау қаласы бойынша. Осы өзекті мәселені шешу үшін облыс әкімдігі Жол картасын бекітті. Оған сәйкес 2023 жылы 13 апатты үй, ал 2024 жылы 24 көпқабатты тұрғын үй (265 пәтер) тұрғындары қоныс аударды, оның ішінде Атырау қаласында -10, ал, қалғаны аудандарда. Осы жұмыстарды жалғастыруға 2025 жылға 224 пәтер сатып алу көзделген. Атап айтқанда, Атырау қаласы бойынша 60 пәтер сатып алу жоспарлануда, ал аудандарда 164 пәтер тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, өткен жылы "Бақытты отбасыАтырау" бағдарламасы аясында 118 отбасы, "Атырау жастары" және "Атырау аудан жастары" бағдарламалары аясында 48 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау тетігі арқылы 540 отбасына төлемдер жүзеге асырылады. Сонымен қатар, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 69 көппәтерлі үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тимур Қазиев