Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жас драматург Әлішер Рахаттың қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Қыр баласы» қойылымын сахналайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде театрдың көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров мәлімдеді.
- Табылдының танымал «Биіктік» әнінің мазмұны – қойылымның басты идеясы. Қойылымда бард ақынның өмір жолы, студенттік шағы және өнердегі өсу жолы, жалпы тағдыры суреттеледі. Сонымен қатар әндері шырқалып, өлеңдері де оқылады. Осы драманы сахналау арқылы Табылды ағамыздың жаңа қырларын танытпақпыз, - деді Т.Мұхтаров.
Қойылымның қоюшы режиссері Шағуан Үмбетқалиев спектакльдің ақынның шығармашылығын жаңғыртып, оның рухани мұрасын жастарға насихаттау, сонымен қатар Табылды Досымовтың жеке тұлғасы мен шығармашылық жолын көпшілікке таныту арқылы ұлттық мәдениетке деген құрметті арттыру екендігін атап өтті.
- Қойылымда Табылды Досымовтың өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдері бейнеленеді. Көрермендер ақынның жүрегінен туған терең мағыналы өлеңдері мен әндерінің сахналық интерпретациясын тамашалай алады. Табылдының ішкі жан-дүниесі, өмірге деген көзқарасы мен қазақ қоғамындағы рөлі қойылымның басты арқауы болады, - деді ол.
Айта кетейік, аталған қойылым 17-18 қаңтарда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанады.
Сәуле МАҒАУ