Атырауда орталық көше ағаштарын қырқу жұмыстары аяқталды

Атырау қаласында орталық Сатпаев көшесі мен Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясы маңында ағаштарды жоспарлы қырқу жұмыстары аяқталды. Бұл учаскеде аталған жұмыстар мемлекеттік тапсырыс аясында 18 жыл ішінде алғаш рет жүзеге асырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«КаспийДорМостоСтрой» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, теректерді жасарту бағытындағы жұмыстар бірнеше мақсатты қамтиды: жаңа өскіндердің пайда болуына жол ашу; санитарлық (ескі және құрғақ бұтақтарды алып тастау) жағдайды жақсарту; эстетикалық көрініс қалыптастыру; өткен жылы осы учаскеге отырғызылған 150 шыбық пен 103 қарағайға күн сәулесін жеткізу. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыстар бірден нәтиже бермеуі мүмкін, оған уақыт керек. Яғни, жақын арада бұл жердің көркі кіріп, жайлы демалыс орнына айналуы ғажап емес. 

«Біз Сатпаев көшесі мен музыкалық академия маңында ағаштарды жоспарлы қырқу жұмыстарын аяқтадық. Әрбір бау-бақша маманы қырқудың пайдалы әсерін жақсы біледі. Бірақ, жасыл желектің күтіміне көп назар аудармайтын және оның тек сыртқы көрінісін ғана маңызды деп санайтын кей азаматтарға мұндай жұмыстар ұнамауы мүмкін. Олардың ойынша, бұл ағаштардың көрін бұзады. Алайда, бұл олай емес, әрине. Мәселен, 2023 жылы ТШО маңында да осындай ағаш қырқу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Сол кезде де тұрғындар тарапынан көп арыз-шағым болды. Әйтсе де, арада үш ай өткен соң, әлгі теректер тез өсіп кеткені соншалық, сол маң кейін адам танымастай өзгеріп шыға келді» дейді "КДМС" өкілдері.

Аман ШАМАР