Биыл Атырауда маса улауға қанша қаражат бөлінді?

Атырау қаласында биыл масаға қарсы күреске жергілікті бюджеттен 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алғаш рет дезинсекциялық жұмыстарды екі компания бір мезгілде жүргізетін болды. Әрқайсысы қаланың белгілі бір бөлігін қамтиды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, биыл профилактикалық дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу үшін қала аумағы алғаш рет екі бөлікке бөлінді. Сол жағалауды «AG Disinfection Services» ЖШС өңдейді. Бұл компанияға 99 680 000 теңге бөлінген. Ал оң жағалаудағы жұмыстарды «Артс» ЖШС жүргізеді, оған 93 968 000 теңге қарастырылған. Жұмыстар сәуір айынан басталды.

Салыстырар болсақ, 2024 жылы масаға қарсы күреске 89,2 миллион теңге, ал 2023 жылы – 50,4 миллион теңге бөлінген еді.

Мамандардың айтуынша, қалада масаның түрі тіршілік етеді: Каспий теңізінің жағалауында көбейетін ірі Caspius aedes, сондай-ақ үй ішінде жиі кездесетін Culex pipiens және Pipiens pipiens. Бұл масалардың шағуы теріде ісік қалдырып, қатты қышыну тудырады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com