Жұмысшы мамандықтар жылы: Атырауда болашақ жолшылар ақылы тәжірибеден өтуде

Атыраулық оқушылар кәсіби бағдар беруге арналған республикалық кездесуге қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағыт беруге арналған онлайн кездесуді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұйымдастырды. Кәсіпорынның Бас директоры Болатбек Айтбаев ZOOM режимінде өткізген онлайн-кездесуге еліміздің 18 облысынан  жоғары сыныптың  4 000-нан астам оқушысы мен кейбір өңірлерде олардың ата-аналары да қатысты. Солардың қатарында Атырау қаласындағы  №21, №8 У.Атамбаев атындағы орта мектеп және №28 орта мектеп оқушылары бар. 

Кәсіби жолшы – сапалы жолдың кепілі. Сондықтан, еліміздегі жолдардың сапасын тексеретін бірден бір мекеме құрылғаннан бері кәсіби жолшы даярлау ісіне өз үлестерін қосып келеді. Оның бір дәлелі «2000 мектеп» акциясы. Осы уақытқа дейін кәсіпорын және оған қарасты филиал қызметкерлері кәсіптік бағдар беру бағытында еліміздегі жоғары сынып оқушыларымен 7500-ден астам кездесу өткізді. Астана және Алматы қалаларындағы РФММ, BINOM SCHOOL -мен меморандумға қол қойды.  Ал, сапа орталығының зертханаларында оқушылар және студенттер үшін «Ашық есік» күндері ұдайы өткізіледі.  Онлайн кездесуде Б.Айтбаев мемлекет биылғы оқу жылында "Көлік құрылысы" мамандығына 700-ден астам грант бөлгенін айтты. Ал, оқуға түсу үшін бейіндік пәндер - математика және физикадан 50 ұпайдан жоғары жинау қажет.   

«Елімізде жылма-жыл  мыңдаған шақырым республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолы салынып жатыр. Кейбір жол бөліктеріне қайта  жөндеу жүргізіледі. Қарқын алған жол құрылысына кәсіби мамандар, әсіресе, инженерлер, жол шеберлері,  зертханашылар, асфальтбетон төсеушілер, автогрейдершілер мен механизаторлар, қайта өңдеушілер, геодезистер, картографтар, механиктер, токарьлар, дизайнерлер, тіпті ғалымдар да ауадай қажет. Олар арнайы оқу орындарын тәмамдағаннан кейін тапсырыс беруші және мердігер мекемелерде, сонымен қатар,  мемлекеттік атқарушы органдарда, ұлттық сапа орталығы мен ҚР Көлік министрлігі мен комитетте еңбек ете алады» деді Б.Айтбаев. 

Жол активтері сапасының ұлттық орталығының әр облыстағы филиалдарында 5 жыл ішінде 243 студент ақылы тәжірибеден өтіп, оның 19-ы кәсіпорынға жұмысқа орналасқан.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ