Полицейлер атыраулық тұрғынның тоңазытқышынан не тапты?

Атырау қаласының №2 сотында сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін, 90 кг жуық бекіре балығын және 146 грамм бекіре уылдырығын үйінің тоңазытқышында заңсыз сақтағаны үшін айыпталған К.Ж.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 339-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы), деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

2024 жылғы 17 тамызда тінту жүргізу барысында К.Ж.-ның Атырау қаласындағы үйінен заңсыз сақталған 90 кг жуық бекіре балығы және 146 грамм бекіре уылдырығы алынған. Сотталушының кінәсі тінту хаттамасымен, сот-биологиялық, сот-тауартану сараптамасының қорытындыларымен дәлелденді.

Прокурор сотталушыға өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады. ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігінің негізінде жазаны өтеуді жас балалары 14 жасқа толғанша 3 жыл мерзімге кейінге қалдыруды сұрады. Айыпталушы және қорғаушылары тағылған айыппен келіспей, оны ақтауды сұрады.

Сотталушының асырауында үш жас балаларының болуы жаза мен қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ауырлататын мән-жай анықталмады. Сот үкімімен К.Ж. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылып, оған өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. ҚК-тің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жазаны өтеу, оның жас балалары 14 жасқа толғанша 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ