Атыраулық қоғам белсендісі «Привет, Андрей!» шоуына шақырту алды

Мәскеуден келген түсірілім тобы «Привет, Андрей!» шоуына қатысуы үшін атыраулық Есболат Балабаевты полиция көмегімен шақыруға мәжбүр болды. TikTok желісінде қазақстандық әнді орындаған видеосымен танымал болған ер адам бастапқыда редакторлардың қоңырауын әзіл деп ойлап, сөйлесуден бас тартқан. Алайда құқық қорғау органдары араласқаннан кейін ол бағдарламаға қатысуға келісіп, жуырда Мәскеуге жол тартпақ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырауда танымал қоғам белсендісі әрі блогер Есболат Балабаев әлеуметтік желіде «Достарым менің золотой» атты әнді орындаған видеосымен ресейлік журналистердің назарын аудартты. Видеоны мыңдаған адам көріп, ол TikTok-та вирус секілді таралып кетті. Осыдан кейін «Привет, Андрей!» шоуының редакторлары оны бағдарламаға қонақ ретінде шақыруды ұйғарған. Алайда онымен байланысу оңай болмады.

«Маған алғаш қоңырау шалғанда өздерін шоу редакторларымыз деп таныстырды. Мен оларды алаяқ деп ойлап, сөйлеспей қойдым. Бірнеше күннен кейін өзіммен жұмыс істейтін таныс полицейлер хабарласып, телефонға жауап беруімді өтінді», – дейді Есболат.

Редакция бірнеше рет байланысуға тырысқанымен, нәтиже болмаған соң Атырау қаласының құқық қорғау органдарына жүгінген. Көп ұзамай Мәскеуден түсірілім тобы арнайы Есболаттың үйіне келіп, оны бағдарламаға қатысуға көндірді. Енді ол келесі аптада Ресейге жол тартып, телешоуға қатысады.

Есболаттың өмір жолы — рух мықтылығының айқын үлгісі. 15 жыл бұрын ол ауыр жол апатына түсіп, арбаға таңылып қалды. Сол жылы жұбайы да одан теріс айналып, екі баласын тастап кетеді. Алайда бұл қиын кезең ұзаққа созылған жоқ: 2015 жылы ол болашақ жары Динаны жолықтырып, үлкен өзгерістерге шабыт алды.

Бүгінде Есболат патрульдік полициямен тығыз жұмыс істейді, жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған іс-шараларға қатысады, ауруханаларға барып, жол апатына ұшыраған адамдарға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, олардың сауығып кетуіне мотивация береді. Өткен жылы ол еріктілік қызметі үшін полиция тарапынан «Жыл еріктісі» деп танылды.

Динара Канбетова,

Аударған: Амандық Сағынтайұлы

Фото: Е.Балабаевтың жеке мұрағаты