Атырауда өте көрікті тергеуші тұрады! (+ФОТО)

Біз бүгін кино кейіпкеріндей — сырт көзге нәзік әрі әлсіз көрінгенімен, ішінде мықты рух пен қайсарлық жатқан ерекше жан жөнінде әңгіме өрбітпекпіз. Ол – Атырау облысынан шыққан Юлия Кузнецова, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Жас тергеуші қоғамда қалыптасқан стереотиптерді бұзып, погон таққан қыз болу — мүмкін ғана емес, сонымен қатар құрмет пен таңданысқа лайық екенін дәлелдеп жүр. Ол әділдікке сенеді, қиындықтардан қорықпайды.

Юлия Құрманғазы ауданындағы Сафоновка ауылында дүниеге келген. Білім жолын Бірлік ауылындағы Имашев атындағы мектепте бастаған. Қазақ тілін еркін меңгерген, қалалық және республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Анасы — үй шаруасында, әкесі — балықшы. Юлия Ішкі істер академиясына өз күшімен түсіп, үлкен еңбекпен жетістікке жеткенін мақтан тұтады. Қол жеткізген жетістігінің бәрі — табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі.

Юлия Кузнецова — жай ғана жас тергеуші емес, бала күнгі арманына адал болып, айналасындағы пікірлерге қарсы шыққан қайсар қыз. Ата-анасы оның бұл таңдауының ауыр екенін айтып, қарсы болған. Себебі, тергеуші болу қайсарлық пен төзімділікті талап етеді. Дегенмен, дәл осы қасиеттер — табандылық, сабырлылық, әділдікке деген сенім оның өмір жолын айқындады.

— Кішкентай кезімнен әділдікке құмар болдым. Адамдарды қорғағым, шындықты іздегім келетін. Бастапқыда ата-анам бұл шешіміме қарсы болды, бірақ кейін түсіністікпен қарап, қазір мені қолдап, мақтанышпен қарайды, — дейді Юлия.

Қазіргі уақытта ол ауыр санаттағы қылмыстық істермен айналысады. Оның жұмыс күні минут сайын жоспарланған: жауап алулар, оқиға орындарына шығу, іс материалдарын рәсімдеу — жаңадан келген мамандар армандайтын "романтикадан" мүлдем алыс.

Юлияның айтуынша, тергеушінің жұмысы тек құрғақ логика ғана емес, сонымен қатар — эмпатия. Тыңдай білу, сезіне білу — заңды білуден кем түспейтін маңызды қасиеттер.

— Әр күнім — жаңа сынақ. Қылмыстық істермен жұмыс істеймін, жауап аламын, құжаттар толтырамын. Кейде күдікті өтірік айтып отырған кезде, ал, сен барлық дәлелді жинап қойған болсаң, ішіңнен күлкің келеді — шындықты біліп тұрып, ертегі тыңдап отырғандай боласың, — дейді ол.

Юлия бұл мамандықтың кейде моральдық тұрғыдан ауыр болатынын жасырмайды. Бірақ оған спорт, отбасының қолдауы көмектеседі.

— Ішке түйіп жүре бермеу маңызды. Серуен, музыка тыңдау, жаттығу залы — бәрі де қалпыма келуге көмектеседі, - дейді ол.

Кәсіби саланың күрделілігіне қарамастан, Юлия әйелге тән нәзіктігін жоғалтқан емес: ән айтуды, билеуді, тамақ дайындауды жақсы көреді, сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді. Алайда сырт келбетіне орай кейбіреулер оның кәсіби біліктілігіне күмәнмен қарайтын сәттер де болады.

— Сырт келбетім көбіне таңданыс тудырады: «Сіз — тергеуші ме? Ешқашан ойламаппын!» дейді. Бірақ мен әйелдің күші тек сұлулықта емес, ақыл мен мінезінде деп санаймын. Стереотиптерді бұзуға үлес қосып жүргеніме қуанамын, - дейді ол.

Юлия желідегі жағымсыз пікірлермен де бетпе-бет келеді. Бірақ оған сабырмен қарайды.

— Оңды-солды, орынсыз пікірлер — менің энергияма жат нәрсе. Мен салауатты қарым-қатынасты қолдаймын. Егер ашық түрде дөрекілік байқасам — бұғаттаймын. Қалғанына әзілмен қарауға тырысамын, - дейді кейіпкеріміз.

Юлия өмірінің тек кәсіби емес, жеке деңгейде де өзгергенін мойындайды.

— Адамдарға мұқият бола бастадым, өтірікті ажырата алуды, жедел шешім қабылдауды, әсіресе қиын сәттерде мықты болуды үйрендім, — дейді ол.

Алдағы уақытта Юлия ІІМ Академиясының магистратурасына түсуді, кейін докторантураға оқуға тапсыруды жоспарлап отыр. Атыраулық тергеуші болашақта өз тәжірибесімен бөлісуді, оқытушылықпен айналысып, жас мамандарға шабыт беруді армандайды.

— Тергеуші сабырлы болуы керек, тәжірибелі мамандардан үйреніп, ең бастысы — қандай жағдайда да адами қалпын жоғалтпауы тиіс, — деп есептейді ол.

Егер белгілі бір істі таңдау мүмкіндігі болса, Юлия Агата Кристидің шығармаларындағыдай күрделі, жұмбақ іспен жұмыс істегісі келетінін айтады. Ол қылмыстық істердің логикасы мен интригасын ұнатады.

— Агата Кристидің “Шығыс экспресіндегі кісі өлтіру” секілді күрделі, психологиялық астары бар істерді тергеу қызық болар еді. Егер нақты істі таңдауға келсек, мысалы, Бишімбаев ісі сияқты ауқымды, қиын тергеу жұмыстарына қатысқым келер еді.

Кез келген бойжеткен сияқты Юлия да жанында сенімді серігі мен шынайы сезімге толы қарым-қатынас болғанын қалайды.

— Жанымда шынайы, мейірімді адам болғанын қалаймын. Оның қасында жан дүниемді жасырмай, өз болмысымды еркін көрсете алғым келеді, - дейді ол.