Атырауда 650 мопед тіркелді

Бүгінге дейін облыс бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 650 мопед тіркелді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

2025 жылдың 5 сәуірі мопедтерді тіркеудің соңғы күні болып белгіленген. Енді тіркеліп үлгермеген азаматтарға жолда жүруге тыйым салынады.

- 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі. Бұл ретте мопедтерді тек «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады. Тіркелмеген немесе жүргізуші куәлігінсіз мопед тізгіндеген азаматтарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады. Көлік құралын жүргізу куәлігі жоқ күйінде тізгіндесе 92300 теңге, мемлекеттік нөмірлік тіркеу белгісі жоқ болса 18 460 теңге айыппұл салынады,-деді Атырау облысы ПД ӘПБ Процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов

Полиция департаменті заң талаптарын сақтауға шақырады. Алдағы уақытта облыс аумағында рейдтік тексерістер ұйымдастырылып, тіркеусіз жүрген мопедтерге шара қолданылмақ.

Былтыр өңірде мопедтер мен скутерлердің қатысуымен 147 жол көлік оқиғасы тіркелсе, жыл басталғалы 15 жол көлік оқиғасы болып, салдарынан 5 адам дене жарақатын алған. «Мопедтерді міндетті тіркеу осы қайғылы статистиканы азайтуға сеп болары сөзсіз» дейді құқық қорғаушылар.