Қызылқоғадағы өр суы арналарға құйылып, сай-салаларға жайылуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тұсындағы Ойыл өзенің деңгейі 2 сәуірден бері түсіп келеді. Сағыз ауылының тұсындағы Сағыз өзеніндегі судың төмендеуі де байқалады. Ал Ноғайты өзенінің деңгейі бірқалыпты. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, бүгінде тасқын қаупі төнетін учаскелер жоқ. Келген су тереңдету жұмысының нәтижесінде өз арнасымен ағып, жайылым мен шабындыққа шығып жатыр. 28 ақпаннан бері бүгінге дейін Ералы су торабы арқылы 250 миллион текше метрге жуық су өткен.
- Қазіргі уақытта су жақсы келіп жатыр. Судың деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмен.Ауданда Ойылдың ұзындығы 276 шақырым. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тайызданып қалған 100 шақырым арнасын тазалау жұмыстары жүріп жатыр.Ералы су торабының 6 қақпасының бәрі ашық тұр.Ол жерде 1 метр 70 см деңгейінде су ағып жатыр.Өткен жыля бұл көрсеткіш 3 метрге жеткен еді,-деді Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов.
Тасқынның алдын алу мақсатында басталған өзендердің арнасын кеңейту жұмыстарының бүгінде 7 шақырымы тәмамдалды. Қалған жұмыстар су деңгейі бір қалыпқа түскеннен кейін жалғаспақ. Одан бөлек аудан бойынша 54 шақырым бөгет соғылды. Сағыз ауылынының ішімен өтіп жатқан Ноғайты өзенінің бойына 5 шақырым дамбы салынып, 1 шақырым арнасы тереңдетілді. Мұндай жұмыс Сағыз өзенінің жағалауында да жүргізілді. Жалпы тасқынға қарсы жұмыстарға 75 техника мен 150-ге жуық адам қамтылған. Төтенше жағдайды болдырмау мақсатында штаб қызмет атқаруда. Штаб мүшесі, Миялы ауылының тұрғыны Айжан Изимованың айтуынша, тұрғындардың өткен жылы қойған негізгі талаптары жергілікті атқарушы органдар тарапынан толықтай орындалды.
- Былтырғы жағдайдан кейін халық ең алдымен өзен арнасын тазартуды сұрады. Бұл жұмыс істелді. Екіншіден, судың Тайсойғанға құятын жері, яғни, Қамыскөлді де тазарту керектігі айтылды. Ол жұмыс та орындалды. Су келгеннен кейін ауылдарға ауызсуды сағаттап беретін болып қалды. Осындай жағдайды қайталамас үшін 8 тұщы су ұңғымасы қоршалды,- деді Миялы ауылының тұрғыны.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бақтыбек Төлегенов қауіптің сейілгенін айтты. Облыстық ТЖД-нен 40-қа жуық қызметкер, 5 техника мен бір қайық кезекшілікке тартылды. Су деңгейінің түсуіне байланысты бұл күш 2 сәуірде Атырау қаласына қайтқанмен аудандық бөлімдегі мамандар «Кенен» көпірі мен Құмөткел учаскесін жіті бақылап, екі сағат сайын ақпарат беріп отыр.
Қазіргі уақытта Миялы мен Жангелдин ауылын жалғап тұрған «Кенен» көпірінде жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылған. Бұл — тасқын қаупін азайту мақсатында қабылданған шешім. Аудан әкімі алдағы уақытта ол көпірдің орнына жаңасын салу жоспарланып отырғанын айтты.
Айта кетейік, 3 сәуірдегі ақпарат бойынша Ойыл өзенінің деңгейі Миялы ауылында 556 см-ді көрсетті.1 күн ішінде деңгейі 6 см-ге төмегдеген.