Атырау облысының 5 ауданында 339,7 шақырым электр желісі күрделі жөндеуден өтеді

Биыл Атырау қаласы Индер мен Жылыойда 8 трансформаторлық қосалқы станцияның жабдықтары жаңартылмақ. Оның ішінде Авангард, Вокзал маңы және Балықшы ықшам ауданында жаңа трансформаторлық қосалқы станциялар салынады. Сондай-ақ, Жылыой ауданында ұзындығы 5,6 шақырым болатын электр желісінің өткізу қабілетін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Атырау Жарық» ЖШС бас инженерінің орынбасары Қуанышбек Джумиев айтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Инветициялық бағдарлама аясында өңірдегі электр желілерін жаңғырту, автоматтандырылған есептеу жүйелерін енгізу, қосалқы станциялар мен әуе желілерін техникалық қайта жарақтандыру жоспарланып отыр.
 
-Жылыой ауданында 110 кВ-108 әуе желісіне модернизация жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында шамамен 26,1 шақырым әуе желісі толықтай жаңартылып, ескі бағаналар ауыстырылады. Атырау қаласында да жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Барлық жұмысты 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін толық аяқтау жоспарланған,-деді «Атырау Жарық» ЖШС бас инженерінің орынбасары Қуанышбек Джумиев.
 
Қызылқоға, Жылыой, Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарында жалпы ұзындығы 339,6 шақырым, қуаты 0,4/10/35/110кВ болатын электр желісі кезең кезеңімен күрделі жөндеуден өтеді. Оған қоса, Атырау қаласында және аталған аудандарға электр желілерін қысқа тұйықталудан және шамадан тыс жүктемеден қорғайтын автоматты 16 дана ажыратқыш, яғни реклоузер орнатылады.
 
Фото freepik