Шетелдік компаниялардың өкілдері Атыраудағы "Махамбет" өнеркәсіптік-өндірістік кешенінің жұмысымен танысты

Іс-шара 22-ші Солтүстік-Каспий аймақтық Atyrau Oil & Gas көрмесі аясында  ұйымдастырылды, -деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

"Махамбет" өнеркәсіптік-өндірістік кешені – 2024  жылы іске қосылған Атырау облысындағы ірі индустриялық нысандардың бірі. Ол Texol компаниялар тобына кіреді. Мұнда вагон сервис орталығы, вагон дөңгелектеріне арналған шеберхана, жылжымалы құрамды құрастыру және жөндеу цехтары бар. Сондай-ақ тежегіш төсемдер шығарып, сұйытылған газ, мұнай өнімдері мен құрғақ жүктерді тасуға арналған вагондарды тасымалдайды және техникалық қызмет көрсетеді. 

Кешен өкілдері экскурсия өткізіп, өндірісті дамыту жоспарларына тоқталып, өңір экономикасына, жалпы елдің өркендеуіне қосып жатқан үлесі туралы айтты.  
Бүгінде "Махамбет" өнеркәсіптік-өндірістік кешен аумағында:  
- Вагондарды құрастыру және жөндеу цехтары;  
- Тежегіш төсемдер шығаратын зауыт;  
- Вагон жөндеу кәсіпорны;  
- Аймақтағы ең ірі сұйытылған көміртекті газ қоймасы (6000 м3);  
- Ағызу/құю эстакадалары, вагондар мен цистерналарды инспекциялау;  
- Газ толтыру станциясы және жаңа буын жөндеу-сынау пункті жұмыс істейді.

Іс-шараға Эстония, Ресей, Италия, Қытай және Қазақстанда мұнай-газ саласында жұмыс істейтін компаниялардың  қызметкерлері қатысты. Олар кәсіпорынның өндірістік қуатын және газ, мұнай-бензин цистерналарын дайындау және қызмет көрсету саласындағы жаңа технологияларды жоғары бағалады.  

Анықтама үшін: 
2024 жылы Атырау облысында 71 миллиард теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде Атырау вагон жасау зауыты бар. Атырау вагон жасау зауыты мен "Махамбет" өнеркәсіптік-өндірістік кешені ауыр машина жасау саласындағы ауқымды индустриалды жобаның бірі. Бұл жобалар өндірісті 96% локализациялауды және импортқа тәуелділікті төмендетуді қамтамасыз етеді.