Мемлекет басшысы кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін сәтті қорғауымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
"Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының жоғары деңгейдегі шеберлігі мен табандылығы, туған жерімізде ел намысын абыроймен қорғауы баршамыз үшін зор мақтаныш екенін атап өтті", - делінген хабарламада.
Президент Жәнібектің бұдан да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдірді.
5 сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде IBF және WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) франциялық Анауэль Нгамиссингені (14-0, 9 КО) 5-раундта нокаутқа жіберіп, өз белбеулерін қорғап қалды.