Тасқын-2025: Атырауда шомылу маусымы ашыла ма?

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен білгеніміздей, жағажайлар бұған дейін сенімгерлік басқару жүйесі арқылы пайдалануға берілген. Алайда, «Малибу» жағажайының иесі өз еркімен келісімшарттан бас тартты. Ал, орталық жағажаймен жасалған келісімшарт сот шешімімен бұзылды, себебі міндеттемелер орындалмаған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Болашақта жағажайлар ашық байқау негізінде сенімгерлік басқаруға беріледі. Осыған байланысты әкімдік төтенше жағдайлар департаментіне ресми хат жолдап, жағажайларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалану мәселесін қарастыруда. Алайда, ТЖД өкілдері 2024 жылғы тасқын жағалау желісін айтарлықтай өзгерткенін ескертеді. Қазіргі уақытта суға түсуге қолайлы жер жоқ: жағадан небәрі бір метр қашықтықта су тереңдігі 80 см-ге, ал, екі метр қашықтықта шамамен 2 метрге жетеді. Сонымен қатар, су ағыны өте қатты.

«Шомылу маусымын ашуға жергілікті атқарушы органдар жауапты. Халықтың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында жағалау аймағын тазарту бойынша инженерлік-техникалық шаралар қабылдануы мүмкін. Алайда, тасқын қаупі толық сейілмейінше, бұл мәселе әлі де ашық күйінде қалады» дейді ТЖД баспасөз қызметіндегілер.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Atpress.kz