Жылыойда су қоймасын салу мәселесі талқыланды

Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Институт Казгипроводхоз» ЖШС арасындағы былтырғы келісімге сәйкес Құлсары қаласынан 60 шақырым қашықтықта салынатын су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесін алғашқы талқылау отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жиынға қатысқандар су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесінің үш нұсқасымен танысып, өз ұсыныстарын білдірді. Нәтижесінде сыйымдылығы 220 млн метр куб болатын үлгісі таңдалды. Бұл туралы облыстық ТЖ жөніндегі жедел штаб мәлім етті.

Өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Жем өзеніндегі су тасқынының алдын алу — басты мақсат. 

-    Жылыойға су қоймасын салу Кеңес одағы кезінде көтерілген мәселе. Бүгінде оны кері көтеріп, тиімділігін ескеріп, сол бойынша жұмыс жасалуда. Бұл су қоймасы Құлсары қаласын және айналасындағы мал мен егін шаруашылығын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта нақты таңдалған ұсыныстар бойынша жасақталған техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобалық-сметалық құжаты жасақталады,-деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева. 

Су қоймасы өңірдегі су қауіпсіздігін арттырып, экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысан болмақ.