Біздің кейіпкеріміз Дина Ибатова есімін ата-анасы күйші болсын деген үмітпен қойған болар, алайда ол теміржолшы болып шықты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Әкесі Хамза 35 жыл бойы Қызылқоға ауданындағы совхозда мал бағып, қойшы болып қызмет атқарған. Ал шешесі Айжан көмекші әрі сауыншы болған.
«Үйде жеті бала болдық, барлығымыз интернатта оқып, тұрдық. 120 бала, бәріміз де шопан, малшы, бақташының балаларымыз. Үлкен ағам Зайдолла 1961 жылғы. Интернатта бізге әке-шешеміздей қамқоршы әрі ақылшы болған басқа да ересектер болды. Біздер арасында екі-үш жас айырмашылығы бар. Жайылым совхоздан 120 шақырымдай жерде орналасқан, сондықтан әке-шешені тек каникул кезінде ғана көреміз. Он жылдай солай оқып өстік. Мектепті бітіргеннен кейін әкеміз міндетті түрде екі жыл қой бақтыруды талап ететін, бұл ереже болып саналатын. Бір бала оқуға кетсе, екіншісі мектепті аяқтап қойды бақпағанша үйде отыра алмайтын. Біз осылай өстік, қара жұмыстың барлық түрін істедік. Мен оқуға қызығушылық таныттым, күртенің жеңіне журналдарды тығып алып, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз», «Жалын», «Ара» сияқты журналдарды қой бағуға шыққанда оқып отырдым. Әкеміз байқап қалса, «кітап оқып отырғанда қойға қасқыр шабады» деп тартып алып кететін. Бірақ әкеміз әрқайсымыздың білім алып, мамандық игергенімізді қалады. Біріміз мұғалім, біріміз дәрігер болып, әрқайсымыз өз жолымызды таптық», – деп еске алады Дина "Қазақстан теміржолшысы" газетіне берген сұхбатында.
Мал бағу оңай емес, оны тек тәжірибелі адам ғана түсінеді. Жылдың төрт мезгілінде күнге күйіп, тасқа басылып, мал бағу өте ауыр жұмыс. Мың қойды өріске шығарып, олардың жайылып, шүйгінге тұмсығын тығуын бақылау – үлкен жұмыс. Ал құдықтан су тасып, суару одан да қиынырақ. Қыстың қиындығы өз алдына. Мал басын көбейтіп, олардың аман болуын қадағалау – жауапкершілік. Қой қырқу, төл алу, малды сойып актілеу сияқты жұмыстарды жас шопан қыз баламын деп қарамай орындайды. Қой бағып, ат құлағында ойнап өскен Дина Ибатова осы ауыр еңбектің ауыртпалығынан сүрінбей өткен адам.
Екі жыл қой баққаннан кейін әкесі Хамза Динаға Гурьев мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсуіне көмектеседі. Дина «Кітапханашы» мамандығын бітіріп, еңбек жолын бастайды. Бір күні ол Құлсарыдан Жәнібек есімді теміржолшы жігітпен танысады, екеуі бір-біріне ғашық болып, үйленеді. Жәнібек Атырау жол дистанциясында жолшы болып жұмыс істейді. Кейін Бекбике станциясына жол шебері болып ауысады. Станцияда кітапхана жоқ болғандықтан, Дина жолшы болып жұмыс істеуге бел буады. Содан бері ол теміржолда еңбек етіп келеді, қазіргі таңда Атырау жол дистанциясына қарасты №15 өткелде өткел кезекшісі болып қызмет атқарады.
«Бұл маңда қалаға жүк таситын қоймалар көп, сондықтан пойыздар маневр жасап жиі өтеді. Өткел қолмен басқарылатын болғандықтан, күніне бірнеше рет барабанды бұрап, шлагбаумды жауып-ашамыз. Қыста шлагбаум қатып қалуы мүмкін, бұл кезде қиындық туындайды. Жауып үлгергенше көліктер өтіп кетіп соқтығысуы да мүмкін. Түн ортасына қарай көліктер сирейді. Өткелді қыста қардан, жазда құмнан тазалау да біздің міндетіміз. Бірақ біз бәріне үйреніп кеттік, ешқандай қиындық жоқ», – дейді ол.
Дина мен отағасы төрт баланы тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкені Жанна ҚазАТК-ның «Логистика» бөлімін бітіріп, қазіргі таңда «Жолаушылар тасымалы» Атырау телімінде жетекші инженер-технолог болып қызмет етеді. Оның күйеуі Нұрлан – жолсерік. Қалған үш баласы студент. Салтанат – болашақ банкир, Тұрарбек – саясаттанушы, ал кенже ұлы Сұлтанбек – Алматы теміржол колледжінде оқып жатыр, яғни бұл династияны жалғастыратын болашақ теміржолшы.
Сәуле МАҒАУ