Атырауда киіктер қауіпті кене таратып жатыр ма?

Сүйіндік және Азғыр ауылдық округтерінде киік көбейіп, олармен бірге келген кенелер төрт түлікке шабуылдауда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жуырда әлеуметтік желіде осындай көрініске толы бейнежазбалар тарады. Оларға зер салсақ, орнынан қозғала алмай жатқан киіктердің арқасынан құмырсқадай қаптап жүрген кенелерді анық көруге болады.

Видео авторы – «Капуанов» шаруа қожалығының иесі Бек Капуанов біздің редакциямызға да хабарласып, дабыл қаққан болатын.

«Бұл – жаздағы кене емес, киіктерден тарайтын және малға үлкен қауіп төндіретін жәндік. Біз онымен тек биыл ғана емес, қыс бойы күресіп шықтық. Аудандық әкімдікке де бірнеше рет айтылды. Ветеринар мамандарға да хабарластық, ешқайсысы телефон тұтқасын көтермейді. Амалсыз өз қаржымызға вакцинация жұмыстарын жүргіздік. Бір уколдың өзі 11 мың теңге тұрады. Оны бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Ал, қазіргідей мал төлдейтін уақытта вакцина егуге мүлде болмайды. Сондықтан буаз малдың үстіне әзірге арнайы ерітінді шашумен ғана шектеліп отырмыз. Биыл жаңбыр да дұрыс жаумады. Осыны пайдаланған кенелер төрт түліктің қанын сорып, жылқылар бастап өліп жатыр. Былай қарағанда, осы малдың етін бүкіл облыс халқы тұтынады ғой. Мәселен, Түркістанда жыл сайын малды жаппай кенеге қарсы өңдеп шығады екен. Ендеше, біз де құзырлы органдар тарапынан қандайма бір қолдау көрсетілгенін қалаймыз. Әйтпесе, киіктер тасымалдап жатқан кенелер ертең үлкен мал шығынына әкелуі әбден мүмкін» дейді ол.

Білуімізше, бұл мәселе Сенат қабырғасында да көтерілген екен. Нәтижесінде, облыстық мәслихат депутаттарының шақыртуымен Азғыр ауылына Астана қаласындағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығы, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары келіп, ахуалды көзбен көрді. Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысынан «ОхотЗооПром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының өңірлік филиалынан алты маманнан құралған топ келіп, санитариялық талаптарға сәйкес анықталған киік өлекселерін жою жұмыстарын бастап кетті.

Өз кезегінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметі кенелердің шағуынан үй жануарларының қырылуы немесе ауруы тіркеле қоймағанын және қандайма бір қосымша мәліметтер мен өзгерістер болып жатса, міндетті түрде хабарланатынын жеткізді. Қалай болғанда да, бұл мәселе – аудан әкімінің тікелей бақылауында.

Сол сияқты, Бек Қапуанов секілді қожалық иелері көбейіп жатқан киіктер жайылымдық жерлерді таптап жатқанына да қапалы. Бұл ретте, біз ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиевтің пікірін білген едік.

– Киіктің киелі жануар екенін халқымыз ерте кезден біліп, оны орынсыз атпауға тырысқаны тарихтан белгілі. Ал, экономикалық тұрғыдан алар болсақ, киіктер мемлекеттің көздің қарашығындай сақтап отырған алтын қоры десе де болады. Кеңес одағы кезінде де солай болды. Ертеректе мылтық болмаған кезде киікті тазымен аулап жүрді. Қақпан құрып та қолға түсірген. Бірақ, көп ауламаған. Айтқым келгені, қазір де мемлекет киіктің популяциясын нақты анықтап алуы керек. Содан кейін ғана оны белгіленген мөлшерде аулауға болатын шығар деп ойлаймын. Қалай болғанда да, бұл мәселеде «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» екі шұқып бір қараған дұрыс қой, - дейді ғалым.

Елімізде қабылданған шаралардың арқасында бүгінде киік саны милионнан асты.  Әйтсе де, енді ауылшаруашылық жануарлары мен киіктердің арасында жайылымдар  мен суаратын жерлер үшін бәсекелестік күшейді. Киіктердің егін таптау жағдайлары жиіледі. Ал, жалпы, олардың оңтайлы саны 700-800 мыңды құрайды екен.

Бір қызығы, киік бір орында тұрмайтын жануар екен. Яғни, бес-алты күн өткен соң жайылатын аумағын ауыстырып отырады.

«Үйір ішінде бір белсенді киік болады екен. Сол жаңа жайылым жер іздеп кетеді. Тауып алған соң үйірді сонда апарады. Киіктер бұрын да көбейіп кеткен кездер болды. Бірақ, шаруалардың ешқайсысы үкіметке шағым айтпады. Олар өз жерлерін өздері қорғады. Жерін қоршап, қарауыл қойды. Қазір де дәл солай жасау керек деп санаймын. Киік көп болған кеңес үкімет кезінде оны аңшылар белгіленген мөлшерде аулап, етін мемлекетке тапсырды. Барлығын емес, кәрілерін немесе әлсіздерін аулады.  Ол кезде базар деген атымен жоқ қой. Азық-түлікті адамдар кезекке тұрып алушы еді. Сондайда халық киіктің етінен қуырдақ жасап күн көрді» дейді Қосыбек Салтанатұлы.

Айта кетейік, еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90 пайыздан астамы мекендейді.

Бұл мәселе күні кеше ғана Сенат қабырғасында да көтеріліпті. Нәтижесінде, енді өңірге облыстық мәслихат депутаттарының шақыртуымен Астанадан арнайы комиссия келетіні белгілі болды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ