Атырауда 11 тұрғын жалған ақпарат таратқан

Атырауда жалған ақпарат таратуға байланысты екі қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Құқық қорғау органдары терроризм актісі туралы жалған ақпарат таратуға қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. 2025 жылы осы бағытта екі қылмыстық іс тіркелді. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, 2024 жылдың 12 айында 11 жалған ақпарат фактісі анықталды, олардың ішінде екі іс бойынша тергеу жүргізіліп, мән-жайы анықталды. Нәтижесінде бұл істердің бірі бойынша бір азаматтың ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына (“Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оған білім беру жөніндегі міндеттерді орындамауы”) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.

Осыған байланысты құқық қорғау органдары ата-аналарға балаларының тәрбиесі мен білім алуына ерекше назар аударудың маңыздылығын ескертеді.

«Құқық қорғау органдары тарапынан профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Дегенмен әрбір азамат өз отбасында тәрбиелік шараларды күшейтіп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға үлес қосуы тиіс» дейді мамандар.

Ересек адамдар таратқан жалған ақпарат қоғамға айтарлықтай зиян келтірмесе, әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады немесе құқық бұзушылық қайталанған жағдайда 10 тәулікке дейін қамауға алу мүмкін.

Ал егер жалған ақпараттың салдары ауыр болса, қылмыстық жаза қарастырылады. Бұл жағдайда 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 1 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы тағайындалады.

Құқыққорғаушылар жалған ақпарат тарату қоғамда дүрбелең туғызуы мүмкін болғандықтан заң бойынша мұндай әрекеттерге қатаң жаза қолданылатынын ескертеді.

Аман ШАМАР