Атыраулық кәсіпкерлер электронды есептен зардап шегуде

Атырау кәсіпкерлері электронды шот-фактура (ЭСФ) жүйесіндегі кемшіліктер салдарынан айыппұл арқалауда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасының сауда саласы бойынша кезекті кеңес отырысында қаралды. Отырысқа қатысқан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) өкілдері Қазақстанда 2023 жылдың 1 сәуірінен бастап міндетті сату және тасымалдау актісі (СНТ) шығарылатынын еске салды. Яғни, СНТ алушысы оны ЭСФ жүйесіне тіркеген күннен бастап 10 күн ішінде расталған немесе кері қайтарылған СНТ ұсынуы керек. Ал, тауарды тасымалдау кезінде (кез келген көлік түрімен) расталған немесе кері қайтарылған СНТ-ны ұсыну 20 жұмыс күнінен кешіктірілмеуі тиіс. СНТ-ны растамау немесе уақытылы растамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 283-1-бабына сәйкес 10-30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі. Қайталап бұзған жағдайда айыппұл сомасы екі есе ұлғаяды. 

– Жеке кәсіпкерлер розничный салық режиміне көшкендіктен, алкогольге арналған СНТ-ны ЭСФ жүйесі арқылы растауы тиіс. Алайда, СНТ растау кезінде бағдарламада "СНТ растауды талап етпейді" деген хабарлама шығады, сондықтан көптеген жеке кәсіпкерлер бүгінгі таңда уақытында СНТ ұсынбаған салық төлеушілер тізіміне кіріп, сәйкесінше оларға 283-1-бап бойынша айыппұл салынады. Бізде сұрақ туындайды: неге жеке кәсіпкерлердің кабинеті арқылы режимді өзгерткенде ЭСФ жүйесі автоматты түрде сол кәсіпкердің режимін өзгертіп отырмайды? Неге әрбір дүкен қала бойынша КГД-ға жеке кәсіпкердің жеке өтініші арқылы әрбір салық төлеушінің режимін өзгерту үшін жазу керек? Қазіргі таңда ЭСФ жүйесіндегі қателік салдарынан, талаптарды орындауға тырысқан салық төлеушілер айыппұлдарға ұшырап отыр, - дейді «Тұрғын үйдегі дүкендер» өкілі Ляззат Досмағамбетова.

Өз кезегінде МКД өкілдері бұл мәселе жөнінде хабардар екенін және тиісті сұраныс жібергенін атап өтті.

«Бұл талап енгізілген сәттен бастап біз кәсіпкерлер арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Алайда, салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты бағдарлама үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Нәтижесінде, осындай кемшіліктер пайда болуда. Біз Мемлекеттік кірістер комитетіне хат жолдадық. Енді ЭСФ жүйесіндегі ақаудан уақытында СНТ ұсына алмаған адал кәсіпкерлерге айыппұл салынбайды» деп атап өтті облыстық МКД жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Арлан Бурумбаев.

Өз тарапынан облыстық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауына ұсынатын болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com