Атырауда – жантүршігерлік жол апаты: қаза болғандар бар...

Бір сағат бұрын жолда ескерту алған жүргізуші жол апатына түсіп, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Республикалық маңызы бар тасжолдарда жол қауіпсіздігін алдын алу бағытында жүргізген патрульдік полиция ротасының ескертуіне қарамастан бір сағаттан соң жол апатынан екі адам қаза тапты. 15 қаңтар күні  сағат 14:00-де полицейлер жүргізушілерге жолдың тайғақ болуына байланысты сақтық шараларына мұқият болу керектігін ескерткен. Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 53-шақырымында қоғамдық автокөлік пен маркасы Chevrolet Cobalt автокөліктері соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алды.

Салдарынан Chevrolet Cobalt автокөлігінің 48 жастағы жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде. 

Айта өтейік, облыстық полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ауа райының тайғақ және қолайсыз болуына байланысты жүргізушілерге ескерту жұмыстарын ұдайы өткізуде.

"Құрметті жол қозғалысының қатысушылары! Жолдың тайғақ болуы және ауа райының нашарлауы көлік жүргізу қауіпсіздігін айтарлықтай төмендетеді, сондықтан барлық жүргізушілерден жол ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз" дейді жол сақшылары.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ