Атырауда “Тасымалдаушы” профилактикалық шарасы өтуде

Атырауда республикалық “Тасымалдаушы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Рейдтік іс-шара 14-16 қаңтар аралығында жалғасады. Жұмыстар басталғалы 100-ден аса құқықбұзушылық анықталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, профилактикалық жұмыстарға патрульдік полиция қызметкерлерінен бөлек жергілікті атқарушы органдар, көліктік бақылау инспекциясы, мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері жұмылдырылған. Мақсат — заңсыз жолаушылар тасымалы мен жүк тасымалы кезіндегі заң бұзушылықтардың алдын алу.

- Жедел-профилактикалық іс-шара басталған тәуліктің өзінде 100-ден аса құқық бұзушылық анықталып, оларға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұлдар салынды. Соның ішінде жүк тасымалдау ережесін бұзған, техникалық жарамсыз көлік құралдарымен, техниалық қайта жабдықталған көліктермен жолаушы тасымалдаған жүргізушілер бар, - деді патрульдік полиция батальоны командирінің қызмет жөніндегі орынбасары Өсер Жәңгірхан. 

Айта кетейік, көлік құралдарының жай-күйі мен техникалық байқаудан өтуі, сақтандыру шартын жасату, көлікке жүк тиеген кезде оның жолға құламауы мен қоршаған ортаға зиян тигізбеуі маңызды. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда жүргізушілерге 5-20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Сәуле МАҒАУ