Атыраулық ғалымдарды не мазалайды?

Еліміздің өсіп-өркендеуі мен мемлекетіміздің қарыштап дамуы тек экономикалық немесе әлеуметтік көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Қазақстанның әлемге танылуы ондағы ғылыми жетістіктерге де байланысты. Демек, дамыған отыз елдің қатарына ену үшін ғылымды дамыту керек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы орайда, елімізде, соның ішінде өндірісті өңір Атырауда ғылым саласы қалай дамып жатыр, ғалымдардың, әсіресе, жас өнертапқыштардың жаңа жобалары қалай жүзеге асуда, оларға қаржылай қолдау көрсетіліп жүр ме, міне, осы және өзге де тақырыптар турасында біз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің белгілі ғалымы, информатика мамандығы бойынша философия ғылымдарының докторы (PhD) Мейрамгүл Мұхамбетовамен сұхбаттасқан едік.

– Мейрамгүл Жароллақызы, алдымен Сізді жуырда өткен жас ғалымдар жобасында арнайы қаржыландыруға ие болуыңызбен құттықтаймыз. Ендеше, осы жоба жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...

– Рахмет! Иә, бұл жас ғалымдар жобасына мен екінші мәрте қатысып отырмын. Себебі, алғашқысында бір ғана балл жетпей қалып, қаржыландырудан қағылып қалған едім. Есесіне, бірінші рет қатысқан кезде өзіме айтылған кемшіліктерді ескеріп, кейін түзеп, енді бүгін жоғары баға алып, қуаныштан төбем көкке жетіп отырған жайым бар. Жалпы, бұл жоба – жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсы болып табылады. Ол бірнеше кезеңнен тұрады үш жылда бір рет өткізіледі. Жобаға қырық жасқа дейінгі ғалымдар ғана қатыса алады. Мақсаты – постдокторанттардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін қаржыландыру. Түптеп келгенде, бұл – жастарды ғылымға тартуға қызықтыру және зерттеу жұмысымен терең айналысуға ынталандыру шараларының бірі болып саналады.

– Ендеше, Сіз байқауға қандай жоба ұсындыңыз және ол қалай жеңіске жетті?

– Менің жобамның тақырыбы – «Ұлттық есептеулер және IoT технологиясының интеграциясы негізінде мұғалімдердің даярлықтарын жетілдіруге арналған цифрлық портал әзірлеу». Өзім информатик маман болғандықтан, осы бағытта ізденгенді жөн санадым.

– Сонда Сіз ашқан жаңалықтың жаңашылдығы неде?

– Ол STEM (жаратылыстану, технология, инженерия және математика) бағытына қызығушылығы бар ұстаздардың даярлықтарын жетілдіруге көмектеседі. Мәселен, мектептегі математика, физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдері роботехникамен дос болуы керек. Жоғары айтып өткен IoT дегеніміз бұл – қарапайым тілмен айтқанда заттар интернеті деген сөз. Бұл жерде робототехника мүмкіндіктерін пайдаланып интеллектуалды дүниелер жасап шығаруға болады. Мен соны ұлттық есептеулермен байланыстырдым. Енді менің бағдарламам арқылы үйден шықпай-ақ басқа бір елдің серверімен жұмыс жасай аласыз. Бұл үшін программа орнатудың да қажеті болмайды. Тек ғаламтор қолжетімді болса жетіп жатыр. Менің қосымшам лезде нақты уақыт режимінде деректерді өңдей алады. Айталық, датчиктердегі мәліметтерді жинап, кейін оны бұлттағы серверге жіберіп өңдеуге болады. Міне, осындай алдыңғы қатардағы технологияны біз мұғалімдерге үйретудеміз. Менің цифрлық порталым адамдардың географиялық мекен-жайына қарамастан онлайн режимде өзара кез келген күрделі деректерді алмасуға мүмкіндік береді.

– Өзіңіз туралы да толығырақ біле отырсақ...

– Мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алып, еңбек жолымды осы жерде бастадым. Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінде білім алып жатқан студенттерге дәріс бердім. Оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстарды қатар атқарып жүрдім. Қазір де осы жерде еңбек жолымды жалғап келе жатырмын.  

Мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне информатика мамандығына докторанутраға оқуға түстім. Онда оқудан бөлек ғылыммен де жан-жақты айналысуға уақыт болды. 2017 жылы докторантура бойынша өңірлерге арнайы мақсаттық гранттар бөлінді. Соны жиырмадан астам университет оқытушысы жеңіп алды. Ал, докторлық диссертациямды 2020 жылы сәтті қорғап шықтым. Осылайша, үнемі ғылыми ізденіс үстінде болғым келеді. Оның тәтті жемісін де татып жатырмын, соған қатты қуанамын.  

– Ал, ғалымдардың мектеп мұғалімдерімен байланысы қалай?

– Бұл екеуі өзара тығыз байланыста болуы тиіс деп ойлаймын. Себебі, мұғалімдер ғалымдардың жаңашыл әдістемелік-технологиялық жобаларына мұқтаж. Өз кезегінде ғалымдар сол мұғалімдердің біліктілігін одан әрі жетілдіруге өз үлесін қоса алады. Бұған өзімнің ғылыми жобамды даярлау барысында анық көз жеткіздім десем де болады. Менің жобам тек мұғалімдерге ғана емес, оқытушы-ғалымдарға да пайдалы болады деп сенемін. Өйткені, мен құрастырған цифрлық порталдың ІТ және инженер мамандарын дайындауға көмегі мол.

– Жалпы, жас ғалымдарға мемлекеттен қандай қолдау көрсетіледі?

– Бүгінде талапты жасқа қаржылай да, басқа да қолдау жетіп жатыр деп айта аламын. Тек ерінбей жұмыстануға тура келеді. Айталық, өзім қатысып отырған КМУ (Конгресс молодых ученых), яғни, жас ғалымдар жобасына қатысушы докторанттарға мақсатты гранттар бөлінеді. Бұдан бөлек, жалпы гранттар да бар. Сондай-ақ, елімізде ғылым туралы арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Соңғы кезде ғылыммен айналысып жүрген жандарға қолжетімді баспанаға дейін беріліп жатыр. Ал, «500 ғалым» деген тағы бір жобада қатысушылар шетелдік тағылымдамадан өтеді. Қысқасы, жастарға ұсынылып отырған мүмкіндік мол, енді тек ұмтылыс қана қажет.

Өзіміздің білім ордамызға оралсақ, мұнда Жас ғалымдар кеңесі құрылған. Оған мүше ғалымдар жиын өткізіп, өзекті мәселелерді ортаға салып отырады. Мәселен, жуырда аймаққа сала министрінің орынбасары келген сәтте облыстан технопарк салу және арнайы зертханалар ашу мәселесін көтердік. Ал, 2017 жылдан кейін менің ғылыми қызметімде жаңа бір леп пайда болды деуге болады. Айтпақшы, биыл менің бір шәкіртім докторлық диссертация қорғады. Енді ол өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға үлкен үлесін қосып жүр. Басқа да экология, ІТ, педагогика және елдің зияткерлік әлеуеті бағытында ізденіп жүрген ғалымдарымыз жетерлік.

– Құпия болмаса, ғылыми жетістіктеріңіздің сыры неде?

– Мен бұл салада жиырма жылға жуық уақыт талмай-тынбай еңбектеніп келемін. Содан түйгенімді айтсам, ғалымдарға материалдық қолдау аздық етеді. Олар рухани қолдауға да мұқтаж. Осы орайда, отбасы маңызды роль ойнайды. Ендеше, мені де отбасым қолдамаса, осы жағдайға жетемін бе, жоқ па, белгісіз. Сондықтан, ғылыммен айналысқан кезде жанұя мүшелері де түсіністік танытуы қажет деп санаймын. Бұл ретте, менің жолым болды дей аламын. Ғалымдар да қаламгерлер секілді шығармашылық шабытқа тәуелді келеді. Егер шабыты келсе, төгіп тастайды. Ал, болмаса, аздаған кідіріс алады.  

Естеріңізде болса, сонау тоқсанынша тоқырау жылдарында мұғалімдер жаппай өндіріс пен сауда саласына кетіп қалған еді ғой. Солар бүгінде білім ұялары мен жоғары оқу орындарына оралып жатыр. Себебі, ұстаздарға деген мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай да, басқа да қолдау шаралары еселеп артты. Педагог мәртебесінің қабылдануының өзі неге тұрады? Міне, жас ғалымдарға да осындай қолдау үзілмеуге тиіс. Сонда біздің еліміз технологиялық та, басқа да жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырары айдан анық.

Әңгімелескен: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суретті түсірген автор