Тасқын кезінде салынған бөгетке бола құс фабрикасын аша алмай отырған бизнесмен облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінгенін айтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Вячеслав Орловтың айтуынша, оның шағымы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралыпты. Кәсіпкердің сөзінше, 2022 жылдың қазан айында Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында ауданы 2.7 га жер учаскесін сатып алған. Мұнда құс фабрикасын ашу мақсатында 2024 жылдың басында ол учаскені қоршап, трансформаторлық қосалқы станция орнатқан. Алайда, ол өзінің бизнес-идеясын жүзеге асыра алмады, өйткені учаске су тасқынынан қорғау үшін жергілікті атқарушы органдар салған бөгетпен екіге бөлінген.
"Маған бөгет салынатыны жөнінде ешкім хабарлаған жоқ, рұқсат бермедім. Сонымен қатар, мен жерімді қоршаған 38 бетон бағанаға зақым келді. Ешбір жерден мардымды жауап ала алмаған соң кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгіндім" дейді ол.
Осыған орай, біз аудандық әкімдік өкілдерімен байланыстық. Олар да кәсіпкерге көмектесе алмайтынын, себебі бұл жұмыстарды қалалық әкімдік жүргізгенін жеткізді.
"Бізде су тасқыны салдарынан зардап шеккен аудандық кәсіпкерлердің тізімі бар. Бұл шамамен 105 бизнес субъектісі. Қазіргі уақытта оларға өтемақы төлеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың арасында Вячеслав Орлов жоқ, өйткені біздің теңгерімде оның учаскесі арқылы өтетін бөгет жоқ" дейді Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Салиев.
Сондай-ақ, біз Атырау облысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл секторының меңгерушісі, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың да пікірін сұрадық. Ол бұл мәселеде бизнес құқықтарын бұзу фактілері бар екенін атап өтті.
"Кәсіпкерлер палатасы бизнесмен өтініші негізінде тиісті жұмыс жүргізді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәселені шешудің екі тетігі бар. Бұл кәсіпкерге өтемақы төлеу немесе оған ауданы мен құны бойынша ұқсас басқа жер учаскесін беру. Кеңес қорытындысы бойынша құзыретті органдардың атына ұсынымдар жіберілетін болады. Егер олардың жауабы мен мәселені шешу жолы кәсіпкерді қанағаттандырмаса, біз оның мүддесін сотта білдіруге дайынбыз" деп түйіндеді палата өкілі.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ