Атырауда тағы бес медициналық нысан пайдалануға берілмек

Биыл өңірде бес медициналық нысан пайдалануға беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Ооблыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Атырау облысында құрылысы жоспарланған 18 медициналық нысанның 13-і салынды. Оның үшеуі 2023 жылы пайдалануға берілсе, өткен жылы 10 объектінің құрылысы аяқталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті.

Ал, қалған 5 нысанды ел игілігіне осы жылдың алғашқы жартыжылдығында тапсыру жоспарланып отыр.Олар: Құрманғазы ауданындағы Жамбыл, сондай-ақ, Қызылоба және Көптоғай ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пунктер мен Қызылқоға ауданындағы Жантерек, Жамансор ауылдарындағы медициналық пунктер.

Қазіргі уақытта бұл жобадан бөлек 4 медициналық нысанның құрылысы тағы жүріп жатыр. Оның үшеуін биыл пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қоса осы жылы Атырау қаласына қарасты Алмалы және Береке ауылында бір ауысымда 25 науқасты қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады.

Сәуле МАҒАУ