Атырауда сұйытылған мұнай газының литрі – 59 теңге

Атырау облысы бойынша тұрғындарды сұйытылған мұнай газымен жабдықтаушы 101 бекет бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Соның ішінде қала бойынша - 61, аудандар бойынша – 40 бекет қызмет атқарады. Облыстық энергетика басқармасынан білгеніміздей, қазіргі таңда бекеттерде қалдық қоры жеткілікті, сонымен бірге ағымдағы айға қосымша сұйытылған мұнай газы көлемі сұратылуда. Қала және облыс орталығынан 200 шақырымға дейін орналасқан бекеттерде СМГ бағасы литріне 59 теңге, ал 200 шақырымнан астам (Қызылқоға, Құрманғазы, Жылыой аудандары) орналасқан бекеттерде бағасы 64 теңгені құрап отыр.

Айта кетейік, Атырау облысының ішкі нарығына Министрліктен 2025 жылдың қаңтар айына 8327 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінді. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы газ қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Министрліктен қосымша 2000 тонна сұйытылған мұнай газы көлемі сұратылатын болады. Облыс бойынша 101 газ құю бекеттеріне сұйытылған мұнай газының аталған көлемі таратылуда.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ