Тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың тиімділігін арттыру бағытында былтыр сәуірде елімізде бірқатар реформалар іске асты. Соған сәйкес, «Атырау Энергосату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды AtyrauPress
Аталған кәсіпорын осыған дейін реттелмейтін энергиямен жабдықтау қызметін атқарып келген болатын. Осыған қатысты толығырақ мәлімет алу үшін біз Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегеновке хабарластық. Оның айтуына қарағанда, енді Атырауда тұтынушылармен электрмен жабдықтау қызметін “Атырау Жарық” акционерілк қоғамы жүзеге асыратын болады.
– 2024 жылғы 8 шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті “Жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттелетін қызметтер мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойғаны белгілі. Соған сәйкес, 2025 жылдан бастап бөлшек сауда нарығындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау функцияларын «Электр энергетикасы туралы» заңнаманың біліктілік талаптарына сәйкес келетін энергия беруші құрылымдарға (АЭК) жүктеу ұйғарылды. Бұл өзгеріс тұтынушылармен электрмен жабдықтау қызметінің тиімділігін арттыруды көздейді. Осылайша, жоғарыда аталған норманы іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті біліктілік талаптарына сәйкес келетін 1 АЭК лицензиясын берді. Соның негізінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тұтынушыларды электр энергиясымен жабдықтауды “Атырау Энергосату” ЖШС орнына “Атырау Жарық” АҚ жүзеге асырады, – дейді ол.
Ең бастысы, тариф өзгеріссіз қалып отыр. Атап айтқанда, жеке тұлғалар үшін – 16 теңге/кВтсағ, заңды тұлғалар үшін – 40,20 теңге/кВтсағ, бюджеттік мекемелер үшін – 59,66 теңге/кВтсағ.
Айта кетейік, бүгінде өңірде бұрынғы энергосату серіктестіктерінің қызметі 21 өңірлік электр қуатын тасымалдау кәсіпорнына жүктеліп отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com