Атырауда жүзден аса ұрланған үй жануарлары иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мал ұрлығының негізгі себебінің бірі – ауыл шаруашылығы жануарларының ұзақ уақыт иелерінің қарауынсыз, жайылымдарда ұйымдастырылмай бағылуы. Осы ретте, мал ұрлығын алдын алуға, оларды жасауға қатысы бар адамдарды анықтап, ұстауға және қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған республика көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
2024 жылдың 12 айында тіркелген 34 мал ұрлығының 26-і еркін жайылымдардан, қараусыз жүрген жерлерінен ұрланған. Есепті мерзімде ауыл шаруашылығы жануарларының қараусыз жүрген жерінен жоғалудың - 41 фактісі тіркеліп, олар бойынша жоғалған 100-ден аса мал басы полициямен жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде табылып, иелеріне қайтарылды.
Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында, Атырау облысының тұрғындары мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне ескертеміз:
1. Ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау барысында малдың тиесілігін анықтау үшін тиісті ілеспе құжаттардың болуы қажет. Аталған құжаттар боламаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406 бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
2. 30 қазан 2020 жылғы Атырау облыстық Маслихатының №485-VI шешімімен бекітілген «Атырау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың Қағидаларына» сай, ауыл шаруашылығы жануарларын олардың иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың, яғни бақташылардың қадағалауынсыз ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға тиым салынды.
Аталған қағида талаптарын бұзған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408 бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: автор