Өткен жылы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында мың шақты адам білім алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Оның ішінде мемлекеттік тілді меңгеруге 390 адам тартылса, ағылшын тіліне 315, «Орыс тілі» курсына 30, ал біліктілікті арттыру семинарына 215 адам қатысты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, сабаққа қатысқандардың 104-і мемлекеттік, 183-і әскери қызметші. Сондай-ақ, «Мемлекеттік тілді оқыту» курсына өзге ұлт өкілдерінен 71 адам қатысты.
Орталық басшысының міндетін атқарушы Лаура Газизованың айтуынша, мекеме 2022 жылдан бері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытып келеді.
- Біздің орталық жеке тұлғалармен қатар мекемелермен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Атап айтсақ, ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша департаменті, ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті, ҚР Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімі, Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Атырау қаласы Полиция басқармасы, «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы, ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалы, «KEGOC» АҚ «Батыс жүйе аралық электр тораптары» филиалы және т.б. мекеме мен басқарма қызметкерлері біздің қызметтерімізге жүгінді. Сонымен қатар «Біз де адамбыз» қоғамдық бірлестігінің мүшелері үшін онлайн форматтағы «Ағылшын тілін оқыту» курсы өткізіліп, 20 тыңдаушы қамтылды, - деді орталық басшысының міндетін атқарушы Лаура Газизова.
Орталықтағы кітапхана қорында мың жарым данадай қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі оқу-әдістемелік кітап бар. Қатысушыларға қазақ тілін оқытуға арналған бес деңгейлі (А1, А2, В1, В2, С1) «Тіл құрал», «Тілдарын» және әр салаға арналған жеке сөздіктер, әдістемелік құралдар мен деңгей бойынша оқытылатын кітаптардың электронды нұсқалары бар.
Сәуле МАҒАУ