2024 жылы облыс бойынша 26 нысан жоспарланып, оның ішінде 17 нысанның құрылысы аяқталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұлар – Жылыой ауданы Қарағай ауылы мен Махамбет ауданы Аққайың ауылынан медпункт, Исатай ауданы Аққыстау селосынан Өркен фельшерлік-акушерлік пункт, Құрманғазы ауданы Сүйіндік, Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылдарынан, Атырау қаласы Жұлдыз ықшамауданынан және Дамба ауылдық округіне қарасты Аманкелді селосынан бір ауысымда 25 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы.
Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба шеңберінде 15 нысан құрылысы жоспарланып, өткен жылы 10 нысан құрылысы аяқталды. Бұлар – Индер ауданы Есбол дәрігерлік амбулаториясы, Құрманғазы ауданы Афанасьев, Азғыр, Қоңыртерек, Жасталап, Батырбек, Жалғызапан медициналық пункттері, Кудряшов, Арна фельдшерлік-акушерлік пункттері, Исатай ауданы Жасқайрат медициналық пункті. Қалған бес нысан құрылысы биылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда. Олар – Құрманғазы ауданындағы Жамбыл, Қызылоба, Қызылқоға ауданындағы Жантерек, Жамансор медициналық пункттері және Құрманғазы ауданында Көптоғай фельдшерлік-акушерлік пункті.
Бұдан басқа, облыс орталығында төрт нысан құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, бұлар – Атырау қаласында орналасқан «Нұрсая» және «Өркен» шағынаудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын екі емхана (ЖСҚ түзету жүруде), Атырау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы, Атырау облыстық онкологиялық диспансері жанындағы радиологиялық корпус құрылыстары жүруде.
Сонымен қатар, Атырау қаласы Алмалы ауылдық округіне қарасты Алмалы және Береке ауылынан бір ауысымда 25 науқас қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталатын болады. Тағы да басқа құрылысы жоспарланған бірқатар жобаларға жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтау жұмыстары басталмақ.
Әлеуметтік қолдау бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
Біз бұл сауалды облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдаған едік. Қолымызға тиген жауапқа сүйенсек, кадрларды тұрақтандыру мақсатында Атырау облысы әкімімен 2023 жылғы 5 мамырда «Атырау облысына медицина қызметкерлерін тарту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Өткен жылдың басынан 170 маманға әлеуметтік көмек берілуде, оның ішінде 143-і – өңірге биыл келген мамандар. Ауылдық елдімекендерге жұмыс жасауға барған тоғыз маманға 10 млн. теңге көлемінде, аудан орталығындағы медициналық ұйымдарға орналасқан 32 маманға 8,5 млн.теңге төленген.
«Жәрдем» пойызы неше ауылды аралады?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен жыл сайын ұйымдастырылатын шалғай елдімекендердің халқын медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 26 мамыр мен 16 маусым аралығында төрт ауданға (Жылыой, Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға) келіп, құрамында жіті мамандары бары (терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог) арнайы дәрігерлік бригада облыс бойынша 10 286 адамға көмек көрсетті, оның ішінде 3498-і – бала, - дейді басқарма мамандары.
Сонымен қатар, ауылдық елдімекендерде тұратын халықты бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету мақсатында жеті аудандық ауруханада Жылжымалы медициналық кешен қарастырылған. Статистикалық көрсеткіштер бойынша өткен жылы барлығы 66 (2023 жылы – 68) елдімекенді қамту жоспарланып, ол толықтай орындалды. Жоспарланған халық саны – 44 808, ол 99,4%-ға орындалды, (2023 жылы барлығы жоспарланғаны – 45 579, қамтылғаны – 53 838 (118%). 15 659 диагностикалық (2023 жылы 19 993), 6527 зертханалық зерттеу (2023 ж. 11915), 29 191 бейінді мамандардың консультациялары (2023 ж. 47 941) жүргізілді. Анықталған науқастар саны – 984 (2023 жылы - 501), оның ішінде ҚАЖ – 287 (2023 жылы 83), қант диабеті – 6 (2023 жылы 2), глаукома – 1 (2023 жылы тіркелмеді), балалардағы ауру – 106 (2023 ж. 17), басқа аурулар – 574 (2023 ж. 398). Анықталған науқастар МСАК есебінен диспансерлік есепке алынды.
Ауырып ем іздегенше...
Аурулардың ерте кезеңінде анықтауға, науқастарды уақытылы диспансерлік есепке алуға, тиімді емдеуге, асқынған жағдайлармен өлім-жітімді азайтуға және халықтың жалпы денсаулық жағдайын жақсарту үшін профилактикалық қарап-тексерулердің және скринигтік зерттеулердің уақытылы жүргізуі маңызды. Осыған орай, ауылдық елді мекендерде скринингтік зерттеулер уақтылы әрі толық жүргізіледі.
Енді облыстық денсаулық сақтау басқармасы жариялаған кейбір маңызды статистикалық деректерге бет бұрар болсақ, артериялық гипертензия, Жүректің ишемиялық ауруын анықтауға арналған скринингтік тексеруге жататын халық саны – 26 384, қамтылғаны – 100%. Қант диабетін анықтауға арналған скринингтік тексеруге жататын халық саны – 26 412 , қамтылғаны – 100%. Глаукоманы анықтауға арналған скринингтік тексеруге жататын халық саны – 26 573 , қамтылғаны – 100%. Сүт безі обырын ерте анықтауға арналған скринигтік тексеруге жататын халық саны – 13 403, тексерілді – 12 183 (95,5%). Жатыр мойнының обырын ерте анықтауға арналған скринингтік тексеруге жататын халық саны – 11 561, қамтылғаны – 11 214 (97%). Тоқ ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған скринигтік тексеруге жататын халық саны – 14 940, тексерілді-14 612 (98%).
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суретті түсірген автор