Атыраудағы ХҚКО қызметкері не бүлдірген?

Атырауда Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері жылжымайтын мүлік иелері туралы ақпараттарды жойып тастаған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Орын алған жайтқа қатысты біз облыстық соттың баспасөз хатшысы Мейрамгүл Өтеғұловаға хабарласқан едік. 

– Атырау қаласының №2 сотында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру айыбы бойынша Атырау облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ маманына қатысты қылмыстық іс қаралды (ҚК-тің 206-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы). Маман 2022 жылдан 2023 жылға дейін өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, Халыққа қызмет көрсету орталығының мүдделеріне қайшы әрекет ете отырып, жылжымайтын мүлік иелері туралы ақпараттарды жойып тастаған. IP-мекенжайды және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, қасақана және пайдакүнемдік мақсатпен аса маңызды ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерімен байланысты ақпараттық жүйеде қамтылған заңмен қорғалатын ақпаратты заңсыз жойып, сондай-ақ ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізу арқылы азаматтар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзған, - дейді ол.

Айта кетейік, прокурор сотталушыға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушыға жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды. Сотталушы өз кінәсін толықтай мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ 

Фото-иллюстратив: gov.kz