Атырау қаласы Достық көшесіндегі №2 үйдің төбесінен су кетіп, қабырғалары қақырап тұр. Бес қабатты жүз пәтерлік үйде жарық пен жылу да бірде болса, бірде жоқ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Тұрғындар болып өз қалтамыздан қаражат шығарып, 600 мың теңгеге шатыр орнаттық. Бірақ, жаңбыр суы одан да өтіп кетті. Қабырғалар құлауға шақ тұр. Шашырап жатқан жарық сымдарынан да от тұтанып өрт бола қала ма деп алаңдаймыз. Қала әкімдігінен көмек сұрағанымызда, қысқы мезгілде тек жылуымызды қосып, дәліз алдына тіреуіштер орнатып берумен ғана шектелді. Бұл да қашанға дейін шыдар дерсіз, бір күні үйіміз опырылып ортасына түссе, астында қалып қоямыз ба деп қорқамыз. Ондағылар біздің баспана апатты үйлердің тізімінде тұрғанын жасырмайды. Ендеше, жаңа үй беруге не кедергі?» деп ашынады тұрғындардың бірі Үміт Зұлхайырова.
Расымен де, тұрғындар жарық жиі сөнетінін және оны қостыру үшін өз қаражаттарына электрик жалдайтындарын айтады. Ал, жылу үйдің жартысында бар, жартысында жоқ. Соған қарамастан, тұрғындардың бәрі бірдей пәтер көлеміне қарай тиісті төлемдерін толықтай жасап отыр.
Аталған мәселеге орай, біз қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Эльдар Кариполлаевпен байланысқан едік.
«Егер бұл мәселеге орай әкімдік тарапынан жаңа ұсыныстар мен мүмкіндіктер туындап жатса, тиісті жағдайлардың бәрі қарастырылатын болады. Ал, әзірге облыс орталығындағы апатты үйлердің мәселесі әкімдікпен жасалған арнайы жол картасы аясында 2029 жылға дейін міндетті түрде шешілетін болады. Жалпы, аймақта қазір осындай 445 үй бар. 2026 жылға дейін соның 236-сын бұзу жоспарда бар. Жеке бұл үйге келсек, мұнда қандайма бір мәселе туындап қалған жағдайда, авариялық бригада жіберіледі. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ» деп сендірді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ