Құрманғазы аудандық «Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің үстел теннисі үйірмесінің қатысушысы Айнамкөз Мақсатқызы пара үстел теннисінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Аудандық спорт бөлімінен білгеніміздей, Айнамкөз Еңбекші орта мектебінің сегізінші сыныбында оқиды екен.
"Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубынан көп нәрсені үйрендім. Өзімді тек физикалық тұрғыда емес, рухани тұрғыда да шыңдап келемін. Спорт адам баласын шынықтырып қана қоймай, оны тәрбиелейде алады. Сондықтан мен үшін үстел теннисінің орны бөлек" дейді ол.
Жас спортшының жаттықтырушысы – ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған үйірмесінің жетекшісі спорт шебері Фарида Усенова.
"Айнамкөз алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын талапкер жас. Осындай жастарымызға қолдау көрсету керек. Сонда спорт саласы да дамиды, дарынды спортшылар қатары да артады. Еліміздің ең мықты деген спортшылары ауылдан шығып жатыр. Ендеше, ауыл спортын өркендетуге атсалысуымыз қажет" дейді бапкер.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ