Туризм және бизнес: атыраулықтардан өтінім қабылдануда

Туризм саласындағы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау аясында 2022 жылдан бері мемлекеттік шаралардың түр-түрі жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Барлығы туристік инфрақұрылымды жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аймақтық экономиканы нығайтуға бағытталған. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бөлімінің бас маманы Жаннат Сабырғалиева мәлімдеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Мемлекет туристік аймақтарда жаңа объектілердің құрылысы мен реконструкциясына кеткен шығындардың 10%-ын өтеу арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Бұл — табиғи және тарихи нысандарға инвестиция тартуға жақсы мүмкіндік. Сонымен қатар туристерге жол бойында сапалы қызмет көрсету мақсатында мотельдер, кемпингтер, жанармай құю бекеттері және басқа да қызмет көрсету объектілерінің құрылысына жұмсалған шығындардың 10%-ы субсидияланады. Сондай-ақ туристік аймақтарда және жол бойындағы санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындары да кәсіпкерлерге ай сайынғы 83 300 теңге көлемінде өтеледі. Бұл стандарттарға сай заманауи дәретханаларды қамтамасыз етуді ынталандырады. Бұдан бөлек туристік тасымалдарды жақсарту мақсатында сыйымдылығы сегіз адамнан астам автобустарды сатып алуға кеткен шығындардың 25%-ы өтеледі.

- Бұл қолдау шаралары өңірдегі туристік саланы дамытып, жаңа нысандардың ашылуына және қызмет көрсету сапасының артуына септігін тигізбек. Мәселен, былтыр Сарайшық ауылында санитариялық-гигиеналық торап орнатқан кәсіпкерге жалпы құны 833 мың теңге субсидия төленді. Алайда тапсырылған өтінімдердің арасында құжаттары талаптарға сәйкес келмеген кәсіпкерлер де болды. Сол себепті құжат тапсырарда мұқият болыңыздар дегім келеді. Мүдделі кәсіпкерлердің барлығын мемлекеттік қолдауын белсенді пайдалануға шақырамыз, - деді Ж.Сабырғалиева.

Айта кетейік, өтінімдер 1 наурызға дейін қағазға түсірілген немесе электрондық форматта, ал санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау бойынша 1 желтоқсанға дейін қабылданады. Толық ақпаратты 87122 306998 байланыс нөмірі арқылы білуге болады.

Сәуле МАҒАУ

Фото: ru.freepik.com