Көрісу – Наурыз тойының бастауы

14 наурыз Көрісу мерекесі ретінде кейінгі жылдары кеңінен аталып жүр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аталмыш мейрамның мән-маңызы жөнінде "Қазақпарат" тілшісі Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы Қуандық Мәдірмен сұхбаттасқан болатын...

— Қуандық Насихатұлы, Көрісу күнін қалай түсінесіз, алдымен соған тоқталсаңыз?

— Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі мейрамы. Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін қонаққа шақырып, отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілеп жатады. Және көрісу бір күнмен ғана шектелмейді, жыл бойы жалғаса береді. Әр түрлі себептермен 14 наурыз күні сыртта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс. 

Бұл көне дәстүр еліміздің батыс облыстарында ғана сақталып келді. Ежелгі уақытта бабаларымыз көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан кезде көктемгі күн мен түннің теңелуінен тура бір апта бұрын малдарын санап, ұзақ қыстың артта қалғанына қуанып, наурызға дайындалған.

Сондықтан, Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады. Тарихқа үңілсек, ертеректе қыс айларында далада мал баққан көшпенді халық бір-бірін көре алмаған, тек көктем шыға бастағанда, наурызға қарай көрген. Сол уақыттан бері көрісу дәстүр ретінде сақталып қалған. Кейбір ғалымдар мұны дәстүр емес, ғұрыпқа жатқызады. Мейлі, меніңше онда тұрған ештеңе жоқ. Шығыс күнтізбесі бойынша, наурыздың басы хамал айының 1 жұлдызына сәйкес келеді. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы ғой. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым бар. «Наурыз» сөзі парсыша «жаңа күн» дегенді білдіреді. Сондықтан «наурыз» демей, «амал» деуге де болады. Өйткені, бұл сөздердің айырмашылығы жоқ. 

— Маңғыстау облысының жұртшылығы Көрісуді Амал мерекесі ретінде думандата тойлап жүр ғой. Бұған байланысты не айтар едіңіз? 

— Көрнекті ақын Сабыр Адай бір мақаласында араласпаса, ағайын жат болатынын, көріспесе, көңіл татулыққа себеп іздемесе, ұлттық рухтың өлетінін атап өткен еді. Оның айтуынша, амал мерекесі, көрісу салты — бұрыннан бар, қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі. Соның нәтижесінде амал мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. Көрісу салты, қара шаңырақ ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты. Осыған алып-қосарымыз жоқ. Көрісу немесе амал мерекесінің ел көлемінде кеңінен таралып келе жатқанына қуануымыз керек. 

— Біздің балалық шағымызда да үлкендерге көрісіп жүретін едік. Ол жадыңызда шығар?

— Әрине, не нәрсе де отбасындағы тәрбиеден басталады ғой. Әлі күнге есімде, наурыздың 14-і күні әке-шешеміз ауылдағы жасы үлкендерге барып көрісіп шығатын. Солардан қалмай, біз де ала таңнан оянып, көрші-көлем, ағайын-туыстың үйін аралап, көрісіп, батасын алып қайтатынбыз. Біздің жақтың үлкендері «Жасың қайырлы болсын!» дейтін. Өзім Атырау облысы Нарын құмының етегінде, қазіргі Исатай ауданының аумағында туып-өстім. Кейін Оралға педагогикалық институтқа оқуға келіп, содан осында қоныстанып қалдым. 

Еділ мен Жайық аралығында Бөкей сұлтанның дипломатиялық еңбегі арқасында 1801 жылы І Павел патшаның жарлығымен Бөкей хандығы құрылғаны белгілі. Соның нәтижесінде ата-бабамыз осы жерді жайлап, азат күнге дейін жеттік. Бізге Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы да қашық емес, сондықтан салт-дәстүрімізде еш өзгешелік жоқ деп айтуға болады.

— Орал қаласында да Көрісу мен Наурыз тойын атап өтуге атсалысып келесіз ғой?

— Иә, Оралда, 1989 жылдан наурыз тойы қайтадан тойлана бастады. Ол кезде мен IV курстың студенті болатынмын. Факультет деканы Төлеубай ағай Әбілов шақырып алып, ғимараттың кіреберіс маңдайшасына ақ матаға «Ұлыс қайырлы болсын!» деп үлкен қаріптермен жаздырып ілгізді.

Өзіміз осы оқу орнында (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті) ұстаздық еткен мезгілде де қазақы дәстүрден ажырағанымыз жоқ. 

Соңғы жылдарда жұртшылық осы «қайырлы болсын» сөзінің мәніне терең үңілмей, сәл алыстатып алған сыңайлы. Өйткені, сұраған тілек орындалғанымен, соңы қайырлы болмаса қиын. «Жаратушыға дұға қылғанда қайырлысын сұраңдар, сонда қайырлы дүниені нәсіп қылады», — деп отыратын бұрынғы қариялар.

— Соңғы кезде қоғамда той көбейіп кеткені жөнінде жиі айтылып жүр. Соның ішінде сәбидің бір жасқа толған күнін де атап өтіп жататындар да баршылық. Осыған орай пікіріңіз қандай?

— Шын мәнісінде көшпелілер туған күнді мүлде атап өтпеген де, тойламаған да. Оны этнограф-ғалымдар ғылыми тұрғыда тәптіштеп түсіндіріп, жазып жүр. Ол күндегі әрбір адам жасына жас қосқандықтан, «Жас қайырлы болсын» деген тілекті ғана айтқан. Біздің әке-шешеміз де өздерінің туған күндерін бірде-бір рет атап өтпеген. Шынын айтсақ, олардың туған күндерін өзіміз бертін келе, есейген шақта білдік. Оны еш жариялап айтпайтын, құпия ұстайтын. Қазір адамның әр толған жасын жалаулатып атап өту сәнге айналып барады. Оның қайдан келгенін өз басым білмеймін. Осы дарақылықты доғару керек-ау деп ойлаймын.

— Жалпы Көрісу мен Наурыз мерекесін қалай атап өту керек?

— Бұған байланысты айтарым, Қазақ елінде, соның ішінде Батыс Қазақстан өңіріне де ұлтты ұйыстыратын, кең көлемдегі, үлкен тәлімі бар жобалар керек-ақ. Киіз үйге кіріп, ас ішіп, аяқ босататын, бір күндік шаблондық шаралар онсыз да жетіп артылады. Әр жобаға үлкен шығармашылық тұрғыдан келіп, рухани-мәдени азық алатын мәні мен мағынасы бар шараларды ұйымдастырып, насихаттаған абзал. Ұрпақты татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелеп, олардың жан дүниесіне ізгілік пен мейірім нұрын құя білсек, ұтарымыз көп болары анық.