«Өзгеріс көшбасшылары» – Атырауда!

«Өзгеріс көшбасшылары» – жастардың саяси сауаттылығын арттыруға, құқықтық білімін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған жоба, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айдар Жален Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлім етті

- Былтыр жоба аясында 64 үміткердің ішінен іріктелген 30 адам азаматтық құқық, бюджет, мемлекет және қоғам, азаматтық технологиялар, әлеуметтану бағыттары бойынша оқудан өтті. Әр бағыттағы оқыту курстары екі күнге созылып, өз саласының үздік сарапшылары спикер ретінде қатысты, - деді А.Жален.

Сонымен қатар қатысушылар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановпен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровпен, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлымен, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресовпен және «БОЛАШАҚ» қоғамдық қорының төрағасы, дәрігер-педиатр Жібек Бисеновамен кездесіп, жастар саясаты мен әлеуметтік мәселелер бойынша пікір алмасты.

Ал «Жастар Рухы» Жастар қанаты АОФ төрағасы Абылай Құрметұлы, жоба нәтижесінде үздік әлеуметтік идеялар ұсынған 10 қатысушы Астана қаласында үш күндік тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алғанын атап өтті.

- Олар «Samruk-Kazyna Trust», «Astana Hub», «Ел үміті» қоры, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ сияқты жетекші ұйымдардың қызметімен танысып, тәжірибе жинады. «Өзгеріс көшбасшылары» биыл да өз жалғасын табады. Жоба наурыз-қараша айлары аралығында жүзеге асырылып, төрт модульден тұратын білім беру бағдарламасын қамтиды. Қатысушылар зиялы қауым өкілдерімен, депутаттармен және мемлекеттік мекеме басшыларымен кездесіп, көшбасшылық қабілеттерін одан әрі дамытады, - деді ол.

Айта кетейік, «Өзгеріс көшбасшылары» жас саясаткерлер мектебі Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Жастар Рухы» Атырау оьлыстық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

Сәуле МАҒАУ