Атырау қаласы әкімдігі Дамбы ауылдық округінің әкімі Ұзақбай Байзуллинді зейнеткерлік демалысқа салтанатты түрде шығарып салды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ұзақбай Шораұлы – өз ісінің нағыз маманы, жауапкершілігі мол азамат. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Ол ұзақ жылдар бойы Дамбы ауылының дамуына аянбай еңбек етіп, халық игілігі үшін қызмет етті. Өмірлік мол тәжірибесін, білімін және біліктілігін ауылдың өсіп-өркендеуіне жұмсады.
Салтанатты шараға қалалық мәслихат төрағасы, депутаттар, әкімдік қызметкерлері мен коммуналдық мекеме басшылары қатысты. Ұзақбай Шораұлына округтің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін арнайы Алғыс хат табыстадым. Сонымен қатар, қалалық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Мырзағалиев депутаттық корпус атынан алғыс білдіріп, “Қазақстан Мәслихаттарына – 30 жыл” медалін табыс етті.
Ұзақбай Шораұлы еңбек жолын 1982 жылы қарапайым мұғалім болып бастап, кейіннен білім беру және баспасөз саласында қызмет етті. 1990 жылдан бастап Дамбы ауылдық округінің дамуына үлес қосып, әр жылдары округ әкімі аппаратының басшысы, округ әкімінің міндетін атқарушы және ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.
"Дамбы ауылдық округінің дамуына қосқан үлесі мен халық үшін жасаған қызметі әрдайым ел жадында сақталатыны сөзсіз. Ұзақбай Шораұлына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, бейнетінің зейнетін көріп, отбасының ортасында қуанышқа кенеле беруін тілейміз!" деді шаһар басшысы Шәкір Кейкин.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ