Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпы ұлттық акциясын қолдау мақсатында табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған “Эко-Әлем” клубының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларды жүзеге асыру, экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосу және ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында құрылған экоклубтың таныстырылымына университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, экобелсенділер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жалпы, жобаға 20 студент өздерінің үлесін қосуда. Клуб экологиялық мәселелерді шешуге атсалысып, ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында құрылған.
- «Таза Қазақстан» шеңберінде Атырау университетінде экоклубтың ашылуы осы бағытта жүзеге асырылып отыр. Бұған дейін экология кафедрасында үйірме жұмыс жасады. Экология кафедрасының қалыптасуына 20 жыл уақыт бойы студенттеріміз әртүрлі ғылыми жұмыстармен айналысып, олимпиадаларға қатысып келеді. Тек экологтар ғана емес, әрбір адам осы жұмысқа атсалысуы керек деп ойлаймын,-деді Техника ғылымдарының кандидаты, клуб жетекшісі Мансия Есенаманова.
«ECOCAMPUS» және «Колданбалы экология» білім беру бағдарламасының студенттері қамыс пен тағам қалдықтарынан өндірілен «Фитотері» жобасын және шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксидті шайырдан бұйымдарды жасау жобасын таныстырды. Бұл жобалар экологиялық мәселелерге жаңашылдық көзқараспен қарауды және қоршаған ортаны қорғауға арналған.
- «Экоәлем» клубы еріктілер арқылы өмірімізге әртүрлі экологиялық әдеттерді қалыптастыру, қалдықтарды дұрыс сұрыптау жұмыстарын жүргізеді. Университеттің әрбір кампусында экологиялық жәшіктер орнатылған. Бір-екі жылдың ішінде 1000 кг-нан астам қалдық тапсырған болатынбыз. Осы үлесіміз үшін алғыс хаттармен марапатталдық және Атыраудағы білім беру ұйымдарының үздік бестігіне кірдік. Сонымен қатар экологиялық тренингтер мен мастер-класстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады»,- деді клубтың координаторы Жанерке Мұстахим.
Шара барысында осыған дейін жасалған «ECOCAMPUS» және «Қолданбалы экология» білім беру бағдарламасының студенттері Дильназ Досмұхамбетова мен Дмитрий Уарчевтың қамыс пен тамақ қалдықтарынан өндірілген «Фитотері» және Ақмарал Сағынғалиева, Жамила Ахмадиева, Шұғыла Аманкелді және Іңкәр Мұқанованың авторлығымен «Шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксидті шайырдан бұйымдар жасау» жобалары таныстырылып, клубтың алдағы жоспарлары талқыланды.
Жас өнертапқыштар бұл бастама аймақтағы экологиялық маңызы жоғары қалдықтарды тиімді пайдалануға және қамыспен күрес сынды мәселені шешуге ықпал ететінін алға тартады.
— Біз бұл жобаны пластикке экологиялық балама жасау мақсатында әзірледік. Негізгі шикізат ретінде облыста мол өсетін қамысты, сондай-ақ целлюлозаны пайдаланамыз. Целлюлоза – қымбат материал, сондықтан оны алмастыру үшін банан мен апельсин қабығы сияқты тамақ қалдықтарын қолдануды жөн көрдік. Осылайша біз қалдықты қайта өңдеудің тиімді әрі жаңа әдісін ұсынып отырмыз. Шикізатты ұнтақтап, белгілі бір пропорцияда араластыру арқылы фитоқабат аламыз, оны әртүрлі өнімдерді шығаруда қолдануға болады, — деді команда капитаны Дильназ Досмұхамбетова.
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығы “Waste2wear” студенттік жобасына қолдау білдіріп, оның болашағына қызығушылық танытыпты. Өңірлік кеңес өкілдерімен бірге ӨКП директоры Нұрлан Сүйінбаев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болып, жастардың әзірлеген технологиясымен танысып та үлгерген.
Жас өнертапқыштар мұндай қолдауға дән-риза.
— Төрт айға созылған тұрақты жұмыс пен зерттеулердің нәтижесінде біз өндіретін материалдың тегіс құрылымын қалыптастыруға, гидрофобты қасиеттерін арттыруға және ерекше иісін жоюға қол жеткіздік. Қазіргі таңда бұл материалдан мұқабалар мен карталар жасап жатырмыз. Болашақта өз бизнес-жобамызды жүзеге асырып, оны кеңейтуді мақсат етіп отырмыз. Ол үшін қаржылық және консультациялық қолдау қажет. Жергілікті кәсіпкерлердің жобамызға қызығушылық танытқаны біз үшін үлкен қуаныш, — деді команда мүшесі Дмитрий Уарчев.
Өңірлік кеңес өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, жобаны дамыту барысында не нәрсеге назар аудару қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар жастарға бизнес-жобаларын іске асыруда барынша қолдау көрсететіндерін де жеткізді. Іс-шара соңында қатысушылар экологиялық мәдениетті дамыту, табиғатты аялау және қоғамды экологиялық белсенділікке тарту жолдары туралы пікір алмасты.
Аман ШАМАР